Атырауда 145 интернет-алаяқтық тіркелді

Жыл басынан бері облыс көлемінде 145 интернет-алаяқтық қылмысы тіркелді.Қазіргі таңда тіркелген қылмыстардың 18-і ашылып, қалғаны әлі тергелу үстінде. Бұл туралы Атырау облысы полиция департаменті Криминалдық полиция басқармасының кибер қылмысқа қарсы күрес тобының аға жедел уәкілі полиция подполковнигі Асхат Нұрманов мәлім етті.

Интернет-алаяқтық қылмыстарының бірнеше түрі бар. Соның ішінде, Атырау облысы көлемінде «Жалған телефон нөмірлерін пайдалана отырып, ашық көздерден дербес деректерді алу» арқылы жасалатын түрі жиі кездеседі. Осыған байланысты маман азаматтарға бірнеше жағдайды есте ұстау керектігін ескертті.

- Ешқашан құқық қорғау органдары және банк қызметкерлері дербес банктың мәліметтерін сіз арқылы сұрауға құқықтары жоқ. Сондай-ақ аталған қызметкерлер алаяқтарға қатысты іс-шаралардың жүргізіліп жатқандығы туралы телефон соғып мазаламайды. Ондай жағдайларда қоңырау шалып тұрған адамға ұлттық тілде сөйлеп, түсіндіруін талап етіңіз. Сол сияқты өзіңізге, туысыңызға немесе танысыңызға қатысты білетін мәліметтеріңізді белгісіз адамдарға айтпағаныңыз, хабарламағаныңыз жөн, - деді А.Нұрманов.

Сонымен қатар «Интернет-хабарландырулар бойынша тауарлар, қызметтер үшін алдын ала төлем жасау арқылы» жасалатын қылмыс түрі мен «Әр түрлі ойындарға, пайдалы инвестицияларға, мөлшерлік тапсырыстарға және т.с.с қызықтыратын жобаларға қаражат салу арқылы» жасалатын интернет-алаяқтық қылмыстары да облысымызда басымырақ.

- Бүгінде технологияның дамуымен қатар интернеттегі қылмыс саны да артып отыр. Бұл тек елімізде ғана емес, бүкіл әлемде күн тәртібінде тұрған өзекті мәселенің біріне айналды. Облысымызда интернет алаяқтығының саны өткен жылдың екі айымен салыстырғанда едәуір азайған. Десек те бұл тек екі айдағы көрсеткіш қана. Жыл соңында бұдан да әлдеқайда көп болуы мүмкін. Жыл басталғалы бері қылмыстың осы түріне қатысты 145 іс анықталды, - деді А.Нұрманов.

Оның айтуынша, интернет-алаяқтық қылмыстарын ашу оңайға түспейді, себебі қылмыстардың ізін жасыру мақсатында жәбірленушілерді алдап, олардың ақша қаражаттарын аударуға көндіргеннен кейін басқа бірнеше адамның есепшоттарына бөліп аудартады. Олар өз кезегінде тағы басқа адамдарға қаражаттарды аудары мүмкін. Ақша қаражатын аударған азаматтарды анықтау кезінде олардың Республиканың бірнеше облыстарында тұратындары белгілі болады. Мұның бәрі уақытты, көп жұмысты қажет етеді, сондықтан болған қылмыстарды уақтылы ашуға кедергі болады.

Сондай-ақ ол, тұрғындарға ұялы телефонға хабарласқан белгісіз адамның жіберген өзіңіз білмейтін күмәнді сілтемеге кірмеген және жеке басыңызды куәландыратын құжаттардың суретін, сондай-ақ ұялы телефонға келген код санын ешкімге айтпау керектігін ескертті.

Серікбол ПАНАБЕРДИЕВ