Атырауда 14 мыңға жуық азаматтық іс қаралды

Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында Атырау облысы соттарының 2023 жылғы жұмысы қорытындыланды, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

Брифингке азаматтық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Мәтен Ерғазиев, әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Анаргүл Салихова, қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының судьясы Айгүл Қалимукашева қатысты. Бұл туралы облыстық соттың баспасөз қызметі мәлім етті. Сондай-ақ, брифингке облыстың қалалық және мамандандырылған соттардың төрағалары қатысты.

Азаматтық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Мәтен Ерғазиев облыс соттарының сот төрелігін жүзеге асыру қорытындылары туралы хабардар етіп, 2023 жылы облыс соттарымен 13 971 азаматтық іс қаралып,  оның ішінде 8 020 іс бойынша шешім шығарылғанын атап өтті.

Татуластыру рәсімдерімен аяқталған азаматтық істер саны 1 693 істі құрады. Сотқа дейінгі хаттаманы қолданумен 1 285 іс қаралды.

Апелляциялық тәртіпте 775 іс қаралды, оның 66 (0,8%) сот актісінің күші жойылып, 90-ы (1,1%) өзгертілді. Азаматтық істер бойынша облыс соттарымен 117 жеке ұйғарым шығарылды.

Спикер облыс соттарына келіп түскен талап қоюлар санының және татуластыру рәсімдерін қолданумен аяқталған істер санының артқанын атап өтті.

Әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Анаргүл Салихова әкімшілік істер бойынша талап қою арыздары санының  артқанын атап өтіп, есепті кезеңде облыс соттарымен 929 әкімшілік іс қаралып, оның ішінде шешім шығарумен 333 іс қаралғанын айтты. Қанағаттандырылғаны – 220 (66,1%), қанағаттандырудан бас тартылғаны - 113 (33,9%).

Апелляциялық алқамен 298 әкімшілік іс қаралды, бұл бірінші сатыдағы сотта аяқталған істер санының 32,1%-ын құрады. Татуластыру рәсімімен 120 әкімшілік іс қаралды (12,9%).

Әкімшілік істерді қарау нәтижесі бойынша 40 ақшалай өндіріп алу қолданылып, 42 жеке ұйғарым шығарылды.

Атырау облыстық сотының судьясы Айгүл Калимукашева қылмыстық және әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер бойынша сот төрелігін жүзеге асыру сапасы туралы хабардар етті.

Спикер соттарға келіп түскен, аяқталған қылмыстық істердің, бас бостандығынан айыруға сотталған тұлғалар санының, ақтау үкімдерінің, әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер санының артқанын атап өтті.

2023 жылдың 12 айында облыс соттарымен 1 514 тұлғаға қатысты 1 198 қылмыстық іс қаралды, оның ішінде 1054 тұлғаға қатысты 819 іс үкім шығарумен аяқталып, 1 010 тұлға сотталды, 38 тұлға ақталды. Медиатордың қатысуымен 26 қылмыстық іс қаралды (12,8%).

Апелляцияда 327 тұлғаға қатысты 243 іс қаралды, сотталған, ақталған тұлғалар есебінен 35 тұлғаға қатысты 12 үкімнің күші жойылды (2,7%), 36 тұлғаға қатысты 31 үкім өзгертілді (2,8%).

Облыс соттарымен 16 874 әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қаралды. Апелляциялық сатыда 338 әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қаралды, нәтижесінде 34 қаулының күші жойылып, 13 қаулы өзгертілді (0,3%). Медиацияны қолданумен 1 553 іс қаралды (33,3%).

Брифинг соңында сот жүйесінің өкілдері журналистердің сұрақтарына жауап берді.

Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ