Қазіргі заманда қоғамның болашағы жастардың санасында қалыптасатын құндылықтар мен идеалдарға тікелей байланысты.
Әсіресе, жемқорлық мәселесі әлемнің көптеген елдерінде өзекті болып отырғандықтан, жастарды жемқорлыққа қарсы тәрбиелеу және адалдықты қалыптастыру-еліміздің дамуы мен тұрақтылығы үшін маңызды қадам болып табылады. Жастар- бұл қоғамның болашақ күш-қуаты, сондықтан оларды құқықтық, моральдық және этикалық тұрғыда дұрыс бағытта тәрбиелеу керек. Осы орайда жемқорлыққа қарсы мәдениет қалыптастыру, адалдықты дәріптеу, заңға бағыну сияқты құндылықтарды жастарға үйрету маңызды.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Заң факультеті мемлекет және құқық теориясы мен тарихы, конституциялық және әкімшілік құқық кафедрасы жоғарыда аталған жайттарды ескере отыра, білім алушыларды жемқорлыққа қарсы тәрбиелеу мақсатын қолға алды,болашақ заң саласының қызметкерлерін әділдікті ту еткен маман болуларына күш салуда. Бұл ретте тәрбие жүйесінің басты мақсаты -жастарды жемқорлықтың зиянды салдарларынан хабардар ету, олардың ой-санасында әділдікке негізделген құндылықтарды орнықтыру болып табылады.Жемқорлыққа қарсы күрес тек әкімшілік шаралармен шектелмеуі тиіс. Студенттер мен оқытушылар қоғамдастықтың адалдық мәдениетін қалыптастыруда маңызды рөл атқарады. Мәселен, кез-келген құқықбұзушылық туралы хабарлау, әділдік принципін сақтау және бір-біріне сенім арту жемқорлықтың алдын алуға ықпал етеді.Кафедрамыздың түлектері мемлекеттік қызметте, бизнесте және қоғамдық ұйымдарда адалдық пен әділдіктің жарқын үлгісін көрсетіп келеді. Бұл болашақ ұрпаққа жемқорлықсыз қоғам құрудың мүмкін екенін дәлелдейді.Кафедра білім алушыларды жемқорлыққа қарсы тәрбиелеуде тек білім беру ғана емес, сонымен қатар олардың санасына адалдықтың, әділдіктің және заңдылықтың құндылықтарын сіңіруді мақсат етеді. Бұл – жемқорлықсыз қоғам құрудағы маңызды қадам. Әрбір студенттің адалдыққа деген көзқарасын өзгерту арқылы ғана еліміздің болашағы жарқын әрі әділ бола алады.
Жастарды жемқорлыққа қарсы тәрбиелеу және адалдықты қалыптастыру- бұл болашақ ұрпақты азаматтық жауапкершілікке, заңға деген құрметке және қоғамға деген адал қызметке тәрбиелеудің маңызды қадамы. Жемқорлықты жою үшін жастарды осы мәселенің маңыздылығы мен оған қарсы күресудің қажеттілігін түсіндіріп, оларға адалдық, әділдік, және парасаттылық құндылықтарын сіңіру қажет. Тек осылай ғана біз әділетті қоғам құрып, жемқорлықты жеңіп, еліміздің тұрақты дамуына үлес қоса аламыз.
Д.А.Турсынкулова,
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Заң факультеті мемлекет және құқық теориясы мен тарихы, конституциялық және әкімшілік құқық кафедрасының доценті,з.ғ.к.
А.С.Ибраева,
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ заң факультеті мемлекет және құқық теориясы мен тарихы, конституциялық және әкімшілік құқық кафедрасының профессоры, з.ғ.д.