ATPress.kz. 22 қараша. Мақаттық «Шаттық» би тобы бірнеше мәрте республикалық және халықаралық фестивальдерде жүлделі бірінші орын алып, аудан атын шығарып жүрген өнер ұжымы.
Мақат аудандық мәдениет үйі жанынан құрылған ортаңғы би тобына Нұргүл Базарқұлова жетекшілік етеді.
Осы жылдың наурыз айында Мәскеу қаласында өткен өнер байқауынан алғашқы орынды еншілеп қайтқан топ жаз маусымында қарап жатпады. Жүлделі оралған топ «Жастар таңдауы – Атырау» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен өткен Дельфий ойындарының 13 кезеңіне қатысты. Мұнда «Халық биі» номинациясы бойынша жүлделі бірінші орынды қанжығалап, Ұлттық Дельфий ойындарына жолдама алған болатын.
Енді міне, таяуда Қазақстан Республикасы Дін істері және азаматтық қоғам министрлігінің қолдауымен Петропавл қаласында өткен «Өнерім – рухани қазынам» атты Ұлттық Дельфий ойындарына қатысып, ойынның күміс медаліне қол жеткізді.
Е. Мырза