ATPress.kz. 20 желтоқсан. Мақаш Шолтырұлы Бекмұхамбетов 1830-1904 жылдары өмір сүрген мемлекет және қоғам қайраткері, белгілі ағартушы, жерімізді батысқа қарай кеңейтуші, қазақтарды шоқындырылудан сақтап қалған тұлға.
Каспий жағалауындағы екі бірдей округте 40 жыл әкім болғанда еліне үлкен еңбек сіңірген, қазақ мектептерін аштырған, атақты күйші Құрманғазыны қудалаудан қорғап қалған.
Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының «Туған жер» жобасы аясында Мақаш әкімнің шөбересі, ауыл шаруашылығы ғылымдарының академигі, профессор Еркін Бекмұхамбетов «Потомственный дворянин Мухамеджан Бекмухамбетов» өзінің атасы жайлы орыс тілінде жарық көрген жаңа кітабын бабасы туған жерге табыс ету мақсатымен Құрманғазы ауданында болды. Жанына жұбайы, ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты Нұрзия Бекмұхамбетова, қызы Айман Бекмұхамбетова, академик, кезінде Мәскеудегі «Мир» телеканалын басқарған, Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің кафедра меңгерушісі Ғаділбек Шалахметов зайыбы Вера Жамаловамен бірге ілесіпті. Қонақтарды аудан әкімі Бибоз Шаяхметов қарсылап, алдымен Мақаш кесенесіне, одан кейін ауылдық округтегі шағын мұражайға апарды.
Мақаш ауылдық округінің әкімі Болат Мұфтахов пен «Мақаш» ӨК төрағасы Жеңіс Әбілхайыров қонақтарға арнайы дастархан әзірлеп, дәм таттырып, қонақжайлық танытты.
Түстен кейін аудан әкімдігінде өткен кездесуді аудан әкімі Бибоз Байдәулетұлы жүргізді. Мақаш әкімнің шөбересі, профессор Еркін Бекмұхамбетов еңбектегі материалдардың негізінен белгілі мақаштанушы Өтепберген Әлімгереевтің кітабынан алынғанын айтты. «Орысша жазған себебімді айтып кетейін. Ауылдағылар ана тілін білгенімен, қаладағы қазақтардың көбі орысша сөйлейді. Сондықтан олар қазақтың батырларын, билерін білмейді. Ертеңгі жас ұрпақ ата-бабаларын да ұмытып қалар деген алаңдаушылықпен осы кітапты жазуға отырдым» деп атап өтті профессор.
Қ. Ғұмаров