Қазақстанға Қытайдан «әскер» келді

ATPress.kz. 9 маусым. Бүгін Астанадағы Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінде «EXPO-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесі аясында әлемге белгілі император Цинь Шихуандидің Терракота әскері көрмесінің ашылу салтанаты өтті.

«Терракота әскері» - Сиань қаласындағы Цинь Шихуанди императордың кесенесі жанындағы 8099 қытай жауынгерінің және олардың аттарының өлшемі сақталған мүсіндері қабірінің атауы. Мүсіндерді 1974 жылы жергілікті шаруалар Лишань тауының шығыс жағынан артезиан ұңғымасын қазып жатқан кезде тапқан. 

Тарихи деректер бойынша, Цинь Шихуанди таққа отырғаннан бір жылдан кейін ж.с.д. 246 жылы өзінің мазарын сала бастайды. Оның ойы бойынша мүсіндер оған ана өмірде серік болып жүруі тиіс. 

Саздан жасалған әскер император мазарының шығысында параллель табыттарда 1,5 км бойы сапқа тізіліп қойылған. 

Жауынгерлердің мүсіндері өнер туындысы болып табылады. Өйткені, олардың әрқайсысы жеке-жеке тәртіппен әртүрлі тәсілдерді қолдану арқылы қолдан жасалған. Әрбір жеке мүсіннің кескіні, тіпті бет келбеттері де қайталанбайды.

Көрмеге 50-ге жуық археологиялық бұйымдар қойылды. Бұлар: әскерлердің мүсіндері, қару-жарақтар, жабынқыштар, ыдыс-аяқтар, алтын және күміс әшекейлер.

Ашылу салтанаты барысында сөз алған Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің жауапты хатшысы Қуатжан Уәлиев:

- Қазақ халқы ежелден қонақжай халық ретінде әр халықтың тарихи құндылықтарын өз дәрежесінде бағалайды. Және біз мұндай әлемдік дәрежедегі көрмелерді халқымызға насихаттауға әрқашан дайынбыз, - деп екі ел арасындағы достыққа тоқталды.

Аталған көрме 2017 жылғы 10 қыркүйекке дейін жалғасады.

 

Ж. Жалғас