ATPress.kz. 27 мамыр. Имам Бұһариден жеткен хадисте пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с) «Егер, адам өтірік айту мен күнәлі істерін тастамаса, Алла ол адамның тағам мен судан тыйылғанына мұқтаж емес» деген екен.
Яғни, ораза дегеніміз - әдетте ескере бермейтін жағымсыз іс-әрекеттерден, өсек-ғайбат сөздерден, реніштен, жалпы өн бойымыздағы кемшіліктерден тазару, тыйылу деген сөз. Бүгін барша мұсылмандар үшін қасиетті Рамазан айы басталды. Мүбәрак айдың сауабын алып қалуға асыққан атыраулық жамағат кеше түнде мешіттерден табылып, алғашқы тарауих намазында сап түзеді. «Иманғали» орталық мешітіне жиналған жамағат пен Атырау халқын облыстық дін істері басқармасының басшысы Қайролла Көшқалиев, Атырау облысы бойынша өкіл имам Батыржан Мансұров құттықтап, айлардың сұлтаны болған – Рамазанның қадір-қасиетін жеткізді.
- Атырау облысында ораза тұтушылардың саны жылдан-жылға артып келетіні байқалады. Ораза бұл – үлкен тәрбиенің негізі, - деп атап өтті Б. Мансұров.
Биылғы Рамазанның тарауих намазында 29 күн бойына Құран хатым етілетін болады. Ол үшін Түркия елінен арнайы 4 қари шақырылыпты. Айта кетейік, биылғы оразадағы пітір садақа адам басына 300 теңге болып бекітілді. Оны бүгіннен бастап ораза айының соңына дейін мешіттерге немесе айналаңыздағы мұқтаж жандарға беруге болады.
Нұрбейбіт Нұғыманов