ATPress.kz. 29 қараша. Осыдан отыз жыл бұрын Махамбет ауданында алғашқылардың бірі болып құрылған «Ардагерлер» ансамблі туралы не білеміз? Өнері аудан, облыс көлемінен асып күллі республикаға танылып, теледидардан тамашаланған ұжымның құрамы қандай еді?
Алғашқы жетекшісі облыстық арнаулы мектеп-интернаттың мұғалімі Шаймардан Кенжалиев ағамыз болған ансамбль құрамында сол уақытта 55-70 жас аралығындағы атауы айтып тұрғандай еңбек және соғыс ардагерлері, өзге ұлт өкілдері өнер көрсеткен.
Соғыс ардагерлері - Сембай Бердімұратов, Ғафиз Ерғазиев, Ризуан Сейтжанов, Дмитрий Стамов, еңбек ардагерлері – Айса Аймағамбетова, Ізтай Есқали, Оқиза Бахитова, Сабила Ізтелеуова, ерлі-зайыпты Хабира-Бақтығали Иманалиндер, Николай Ермолин, Қабыл Құспанов, Зәмзәм Айтқалиева, Нұрзила Бағытжанова, Дара Мұхамеджанова, Лидия Тарабрина, Валентина Мохначева, Мария Кузняткина, Мария Розенова, Жұмағыз Дүсіпова, апалы-сіңлілі Төлеутай-Рауаш Жұмағалиевалар, Қымбат Әділова, Балжан Баймишева, Сылтыбай Мырзағалиев, Әслима Мырзағалиева, Хадиша Ихсанова, Жібек Нығметова, Серік Қабдолов, Ғилымғали Адилов, Каким Тұқпатов, Қапура Тұқпатова, Зинекен Спамов, Барақбай Тайыров сынды аға-апаларымыз жастық шақта ел үшін, жер үшін аянбай еңбек етсе, зейнет жасында ел-жұртқа өнерін арнап, халықтың көзайымына айнала білді.
Құрамы 40-50 өнерпазға дейін жетіп, Алматы, Астрахан сынды үлкен қалаларға да гастрольдік сапарға барып, қазақ, орыс, беларусь, украин тіліндегі әндерімен көрерменнің көңілінен шыға білген ансамбльдің ұйымдасып, ауызбіршілікте жұмыс жасауына сол кездегі Махамбет аудандық мәдениет бөлімінің басшысы Ұлжалғас Баетованың қосқан үлесі зор еді.
Арада 30 жыл уақыт өтті. Біреуге аз, біреуге көп. Бір кездері ән айтып, би билеп, ел аралап, жалындап жүрген ансамбльдің құрамы бүгінде біраз сиреген. Біраз үзілістен кейін 2014 жылы атауын «Қазына» деп ауыстырып, ардагерлер аудан халқымен қайта қауышты. Құрамы сиресе де, құлшынысы зор он шақты адам салтанатты кештерде, мерекелік концерттерде көрерменін қуантып, төбе көрсетіп кетуші еді. Алайда, 2013 жылы ансамбльдің қазіргі көркемдік жетекшісі Гизат Есенгужин келіп, бұрынғы өнер саңлақтарының басын қайта қосып, 2014 жылы «Қазына» деген жаңа атау иеленіп, сағындырған ансамбльді қайта өмірге әкелді.
Сөйтіп, концертке дайындықтар, репертуарды жаңарту, костюм тіктіру, ән таңдау сынды қарбалас тірлік қайта басталып, қазыналы қарттарымыздан құралған «Қазына» ансамбльі жаңа кезеңге қадам басады.
Жуырда аудандық тілдерді дамыту және мәдениет бөлімінің, «Өнерпаз» мәдениет үйінің қолдауымен ансамбль тәуелсіз мемлекетіміздің тұңғыш президенті күні қарсаңында Алмалыдан бастап Ақтоғайға дейінгі ауылдардың барлығын гастрольдік сапармен аралап, тегін концерт қойып шықты. Ең үлкені 80-де, жасы кішісінің өзі 54-тен асқан аға-апаларымыз Елбасы айтқан рухани жаңғыруға осылайша өз үлестерін қосуды жөн санапты. Репертуарындағы Шәмшінің, Ескендір Хасанғалиевтің, жергілікті сазгер Қайыржан Ихсановтың, Ұлы Абайдың, ел аузында жүрген халық әндерін жанды дауыста нақышына келтіре орындап, арасында күмбірлете күй тартқанда жиналған жұрт орнынан тұрып қошемет көрсетіп, бірге шырқап, концерт бітсе де қайталап ән сұрап, ыстық ықыласпен қарсы алып, үлкен қошеметпен қимай қоштасыпты. Бір сөзбен айтқанда, сүйікті әншілеріне деген сағыныштарын халық жасыра алмаса керек. Ардагер әншілеріміз де халқымен қайта қауышып, бір жасарып қалғандай. Ансамбльдің бұл сапары да сәтті аяқталып, аудандық мәдениет үйінде келісті кездесу ұйымдастырылып, тәтті шайдың басында әдемі әңгіме-дүкен құрылды. Алдымен аудандық тілдерді дамыту және мәдениет бөлімінің басшысы Нұрғали Аруев сөз кезегін алып, «Қазына» ансамблінің құрамындағы Тыныштық Үмбеталиев, Ұлжалғас Баетова, Өтепберген Тарғынбаев, Орындық Дюзимова, Оқиза Бахитова, Кенже Ұлықпанова, Жібек Нығметова, Қобылан Сисенов, Сұлушаш Қосжанова, Ғалия Лұқпанова және Гизат Есенгужин сынды аға-апаларымызға шексіз алғысын білдіріп, дендеріне саулық, бойларына күш-қуат, шығармашылық табыстар тілеп, естелік сыйлықтар табыс етті.
Фамиля Қожанова,
Махамбет ауданы