Махамбет театры Керчь қаласынан жүлдемен оралды

ATPress.kz. 28 маусым. Атырау облыстық Махамбет атындағы қазақ драма театры Ресейдің Керчь қаласынан жүлдемен оралды. Өнер ұжымы «Боспорские агоны» атты антикалық өнердің ХІХ Халықаралық фестивалінде «Современное прочтение античной темы» номинациясына ие

Осы орайда театрдың шығармашылық тобы журналистерге баспасөз мәслихатын өткізді. Жиында аталған фестивальдің мән-маңызы, ерекшелігі баяндалды. Сайысқа барлығы 6 театр қатысыпты. Ресейдің халық әртістері, еңбек сіңірген қайраткерлерінен құралған 14 адам қазылық еткен. Ал Махамбет атындағы қазақ драма театры бұл жарыста 2016 жылы премьераланған режиссер Қуандық Қасымов қойған Еврипидтің «Медея» қойылымын сахналады.

Жарыс қорытындысымен өнер майталмандары спектакльге жоғары баға берген. Бұл – батыстың аға театры саналатын Махамбет атындағы театрдың, жалпы Атырау мәдениеті мен өнерінің үлкен жетістігі деп пайымдауға болар.

«Медея» қойылымы біздің дәуірімізге дейінгі 431 жылы Афина сахналарында көрермен назарына ұсынылған. Содан бері қаншама дәуір өтсе де махаббат, сатқындық, билік туралы бұл қойылым әлі күнге дейін өзінің өзектілігін жоғалтпай келеді. Спектакльдің соңы ғаламат махаббаты зұлымдыққа айналған кейіпкерлердің өлімімен аяқталады. Фестиваль барысында көрерменнің сезімін селт еткізген махаббат хақындағы хикаяны ресейлік өнерсүйер қауым демін ішіне тартып тамашалаған. 

Брифинг соңы журналистерді кәсіби мерекеге орай құттықтау шарасымен жалғасты. Жергілікті театрмен тығыз байланыс орнатқан қалам иелері алғыс хат және естелік сыйлықтармен марапатталды.

 

Айдос Қарабала

Фото Ерлан Алтыбаевтікі