Құрманғазылықтар Көрісу мерекесін айрықша атап өтті

Құрманғазы ауданында С.Көшекбаев атындағы мәдениет үйі ұжымының ұйымдастыруымен қазақ халқының ұлттық мейрамы – Көрісу күні атап өтілді, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

Аудан әкімінің баспасөз қызметі мәлім еткендей, бұл жолғы мереке бірқатар жаңашылдықтармен ерекшеленіп отыр. Мерекелік іс-шарада ұлттық киім киген мәдениет үйі ұжымы жұртшылықпен амандасып, жақсылық тілеп қана қоймай жасы үлкендерге құрмет көрсетіп, ілтипат білдіретін дәстүрлер көрініс тапты. Салтанатты шара барысында халқымыздың белгілі әндері шырқалып, ұлттық өнеріміз дәріптелді. Ал, ақсақалдар қатары ел амандығы мен жұрт тыныштығын тілеп ақ баталарын беріп жатты.

Расымен де, бұл күн — «Адам аузы аққа, мал аузы көкке тиді» деп адамның адаммен, жылдың жылмен көрісетін күні. Бір ерекшелігі – бұрын-соңды бір-біріне өкпе-назы бар ағайын-туыс араздастықты жойып, татуласып, табысады. Төс қағыстырып, мал-жанының амандығын сұрасып, қыстан аман шыққандықтарына тәубе келтіреді. 

Сондай-ақ, аудан әкімі Абат Жанғалиев та көпшілікті атаулы күнмен құттықтап, ыстық лебізін жолдады.

"Ата-баба топырағы күңірене тебіреніп, табиғат-ана да еміреніп, жан-жағын шуағына малынта, сағынта жеткен қасиетті Амал мерекесі баршамызға құтты болсын Ұлыстың Ұлы күні – Наурыз мерекесі қарсаңында тойланатын Амал мерекесінің халқымыз үшін орны бөлек. Өткен жылдан жаңа жылға есен-сау жеткендігіне шүкір етіп, қытымыр қыстың кері шегініп, жер аяғы кеңіп, жер-дүниенің гүлденіп, ел бұл күні қол алыса жамырай көрісіп, құшақ айқастыра жадырай қауышады. Тарихи тамыры тереңге бойлаған Амал мейрамы дана халқымызда қай кезде де еңсесі биік елдіктің, іргесі сөгілмес бірліктің, ырыс пен ынтымақтың мерекесі болып келген. Әр шаңыраққа береке, игілік, бақыт пен шаттық тілеймін. Амалдан амалға аман есен жете берейік!" делінген құттықтауда.

Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ