АTPress.kz. 17 ақпан. Ш.Сариев атындағы өнер мұражайына қала тұрғыны Наталья Ионова әкеліп тапсырған туындылар музей қызметкерлерінің ерекше назарын аударды.
Ол тапсырған «Күнбатыс», «Пейзаж» деп аталатын екі туынды суретші Анатолий Бажановтың қылқаламынан туған. Суретші есімі музей қызметкерлеріне бұрыннан таныс. Атырау, Астана қалаларында бірнеше рет жеке шығармашылық көрмелерін өткізген қылқалам шеберінің облыстық өнер музейі қорында 3 туындысы сақталған.
Атырау тұрғындары тарихи құндылығы бар қолөнер бұйымдары мен атақты және жергілікті, әуесқой суретшілердің қолөнер бұйымдарын «Музейге сый тарту» акциясы аясында ақысыз тапсыруда.
Суретшінің туысы, Н.Ионованың айтуынша, бұл туындыларды осыдан жиырма жыл бұрын анасының туған күніне қылқалам шебері сыйлаған екен.
- Тарихи құндылығы бар жәдігерлерді сақтап қалу және музей қорын толықтырып, көрермендер назарына ұсыну мақсатында жүріп жатқан бұл науқан 3 наурызда аяқталады, - дейді музей қызметкерлері.
Музей қорына қабылданған жәдігерлер 17 наурызда Наурыз мерекесіне орай өтетін «Музей түні» шарасында көпшілік назарына ұсынылады.
Нұрбейбіт Нұғыманов