ATPress.kz. 19 шілде. Атыраулық қолөнершілер өздерінің төл туындыларын астаналықтардың назарына ұсынды.
Мұнда көптеген қолөнер бұйымдары қойылған. Қыш құмырадан бастап, түрлі қазақы киім үлгілері де орын тепкен. Ш.Сариев атындағы көркемсурет және қолданбалы-сәндік өнер музейі басшысының орынбасары Жәнібек Аманиязовтың айтуынша, Елордаға атыраулық 20 қолөнерші келген. Әрқайсысы 15-20 туындыдан алып келіпті. Олар әр жанрды қамтиды. Мәселен, ши тоқу, жүн басу, үрмелі аспаптар жасау, керамикалық дүниелерді дайындау т.б. көптеген жұмыстар бар. «Бағасы да қол жетімді, қазіргі нарық талабына сай 10 мың теңгеден басталады. Сенбі, жексенбі күндері туристердің келуі жақсы. Мұнда шеберлік сыныбы да қарастырылған»,-дейді музей басшысының орынбасары.
Әсіресе, қолөнер бұйымдарының ішінде елімізге танымал батик өнерінің шебері Камила Жапалованың туындыларын айтуға болады. Ол «ЭКСПО» атты триптих картинаны алып келген. «Бұл - екі күндік нәтижелі еңбектің жемісі», - дейді ол. «Осы үш картинам облыстық қолөнершілер байқауында жүлделі орынды иеленген. Батикпен салынған туындыда қазақтың ою-өрнегі, дәстүрі, мәдениеті көрініс тапқан. Сонымен қатар, алқа жүзік, сақина, тұмар және ЭКСПО элементтері келтірілген. Жалпы, картинада динамика бар», - дейді ҚР Суретшілер Одағының мүшесі Камила Жапалова (5 сурет).
Шара соңы концерттік бағдарламаға ұласты. Д.Нұрпейісова атындағы Академиялық қазақ халық аспаптар оркестрі, Құрманғазы, Индер, Мақат аудандарынан келген өнерпаздар халық қошеметіне бөленді.
Айдос Қарабала
Фото Әнуар Әбілғазиевтікі