ATPress.kz. 28 қыркүйек. Атыраулық жас әнші Санат Асуат Македонияда өтетін халықаралық музыка фестиваліне қатысады. Әлемдегі 17 мемлекеттің өкілдері бас қосатын өнер байқауында ол «Арманыңа сен» атты авторлық әнін шырқауды жоспарлап отыр.
Бұл туралы өңірлік коммуникация қызметінде өткен баспасөз конференциясында айтылды. Жиынға жас әнші Санат Асуат, жетекшісі Майра Жолмұханова, танымал сазгер Болат Қохаманов және Шарбат Бисалиевалар қатысты.
Ерекшелігі сол, жыл сайын дәстүрлі түрде өтетін халықаралық фестивальге Санат Асуат Қазақстанның атынан тұңғыш рет қатысқалы отыр. Ол осы байқауға жолдаманы Атырауда өткен «Алмалы kz» байқауынан жеңімпаз атанғаны үшін алған.
Айта кетейік, «Арманыңа сен» атты Македонияда шырқалатын авторлық шығарманың әнін жазған танымал сазгер Болат Қохаманов болса, сөзін жазған қызылордалық ақын Ділбәр Мәлікова.
«Биыл жазда Санаттың анасы маған «авторлық ән керек» деп қолқа салған еді. Көп ұзамай әннің нотасы көз алдыма келіп, жаңа туынды жарыққа шықты. Оның оранжировкасын Алматы қаласында жасаттық. Шығарманың өн бойынан жас әншінің таудай талабы, ынта-жігері сезіледі», - дейді Болат Қохаманов.
Айдос Қарабала
Фото Әнуар Әбілғазиевтікі