Атырауда «Ромео мен Джульетта» қойылымы үш тілде сахналанды

ATPress.kz. 18 қыркүйек. Қазақстан халықтарының тілдері күніне орай Атыраудағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оушылары «Ромео мен Джульетта» қойылымын үш тілде сахналады. Бұл туралы аталған мектептің баспасөз қызметі мәлімдеді.

Әлем әдебиетінде ойып тұрып орын алатын әйгілі трагедияны мектептің жас актерлері тұңғыш рет көрермен назарына ұсынып отыр. Мұнда ер азаматтың нағыз батырлығы, өжет қасиеттері мен іңкәр сезімнің нәзіктігі анық  бейнеленген. Сахна да сол заманға сәйкестендіріліпті.  

Осы орайда, мектептің өнерпаздары бұл шараға жақсы дайындалғандарын айтады. «Мақсатымыз – классикалық шығармалармен көрерменді сусындату.  Қойылым сәтті шықты деген ойдамыз. Бағасын жұртшылық берер», - дейді олар. 

Өз кезегінде, жас актерлердің өнеріне тәнті болған көрермендер мектептің акт залына лық толды. Қойылымның әсерлі болғаны соншалық, көзіне жас алғандар да табылды. 

Айта кетейік, «Ромео мен Джульетта» қойылымы 22 қыркүйек – Қазақстан халықтарының тілдері күніне орай ұйымдастырылып отыр.

 

Айдос Қарабала