ATPress.kz. 27 қыркүйек. Атырауда «Атамекен» әнін бір мезгілде 3500 оқушы орындады. Маңызы зор шараны өңірлік «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесі ұйымдастырған.
Шараның негізгі мақсаты – жастардың бойына отансүйгіштік рухты қалыптастыру, көркем қасиеттерді орнықтыру. Жалпы, «Атамекен» әнін хормен орындауға аймақтағы студент жастар, оқушылар, қала мен аудан тұрғындары, мемлекеттік қызметшілер белсене қатысқан.
Ең басты ерекшелік, бұл шараға шетелде оқып жүрген қандастарымыз да бей-жай қарамапты. Мәселен, Лондон, Санкт-Петербор, Түркия, Польша, Литва мен АҚШ-тан қазақ әнін жеріне жеткізе орындаған бейнематериалдар жолданған. Ал, олар осы іс-шараның өтетінін әлеуметтік желі арқылы көргендерін айтады.
Жалпы, хор облыс бойынша 11 орында ұйымдастырылған. Атап айтқанда, Жылыой ауданында - 150, Индер ауданында - 200, Исатай, Махамбет, Мақат, Қызылқоға, Құрманғазы аудандарының орталық алаңдарында 100 адам орындаған.
Алдағы уақытта, Х. Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университеті мен Атырау мұнай және газ университетінің алаңында - 1500, Атырау инженерлік-гуманитарлық институтында - 100, техникалық және кәсіптік білім беру мекемелерінен 1050 студент қатысып, аймақтағы 5 мың адам «Атамекен» әнін бір мезгілде орындайды деп жоспарлануда.
Атырау өңірлік «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесінің меңгерушісі Әния Ермағамбетованың айтуынша, «Атамекен» әнінің таңдалуы бекерден бекер емес. «Бұл әнді шырқағанда жазық дала, қоңыр төбе, жалпы қазақ елінің көрінісі көз алдыңа елестейді. Адамға рухани күш береді. Кеудеңде туған жерге деген сағыныш мен махаббат оты маздайды», - дейді ол.
Айдос Қарабала