АҚШ-тың Бостон қаласында қазақ мәдени қауымдастығы ашылды

ATPress.kz. 26 қыркүйек. АҚШ-тың Бостон қаласында «Мирас» қазақ мәдени қауымдастығы ашылды. Бұл іс-шараға алпыстан астам отандасымыз жанұяларымен бірге келді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Шара барысында қазақ әндері тыңдалып, би биленіп, ойын-сауықтар ұйымдастырылып, ақ дастархан жайылды. Жалпы, Бостонды АҚШ-тың интеллектуалдық астанасы дейді. Оқымыстылар мекені болып саналатын бұл жерде тұрып жатқан жерлестеріміз де әлсіздер қатарынан емес. Талай қазақ жастары білімнің бұлағынан сусындауда. 

«Америкада жақсы түсінік бар - «қоғамдастық» деген. Қауымдасу, яғни бір сенім мен көзқарасты бөлісетін адамдар бірге жиналып, өздерінің мәселелерін талқылайды, оларды шешеді, бір-біріне қолдау көрсетеді. Ашылып жатқан Boston Kazakh Culture Foundation сол дәстүрдің көрінісі. Ұйымның мақсаты жиі-жиі кездесіп, пікір бөлісіп тұру. Мүдделестер осы идеяны қолдап, қауымдастықты ашуды жөн көрді. Ұйымдастырушылар арасында «Болашақ» бағдарламасының студенттері де бар. Бұрында мен лидерді адамдармен байланыстыратынмын, ал Гарвардтағы профессорымның бір тәлімдемесінен кейін ойым өзгерді, түйгенім, ол - әрекет, позиция. Сонда егер мүдделері бір адамдар бірге жұмыс істеп, әрекет етсе, олардың барлығы лидерлік танытты деуге болады», - дейді Гарвардтың Кеннеди мектебінде магистратурада білім алып жүрген Шыңғыс Мұқан.

Әлбетте, қандастарымыздың азаматтық ұстанымы мықты. Олар теңіз асып, білім алып қана қоймай, көшбасшылық қасиет танытып жүргендері көңіл қуантады. Бүгінде АҚШ-та бірнеше қазақ қауымдастықтары жұмыс істейді. Олардың арасында Калифорниядағы «Жібек жолы үйі», Техастағы «Шаңырақ» қазақ қауымдастығы, Нью-Йорк және басқа штаттардағы «Қазақ альянс» ұйымы бар. Ендеше осы қауымдастықтардың қатарына Бостондағы «Мирас» атты жаңа қауымдастық қосылып отыр.

Іс-шараны басты ұйымдастырушылардың бірі, Гарвардтың T. H. Chan атындағы қоғамдық денсаулық мектебінің ең алғашқы қазақ тәлімгерлерінің бірі, докторант Қуаныш Ерғалиев. «Бүгін біз үшін есте қаларлық күн деп айтсақ, артық емес. Бостон қаласындағы «Мирас» қазақ-мәдени қауымдастығының ашылуын өткіздік. Мұндай қауымдастықты ашу, көптен бері ойымызда жүрген еді. Бәріміз мұхит асып, Отанымыздан алыстап кетсек те, елімізді, жерімізді, тілімізді ешқашан ұмытпаймыз. Жүрегіміз қазақ елі деп әрдайым соғып тұрады. Осы патриоттық рух пен ана тілімізді ұмытпай, оны әрі қарай биік дәрежеде ұстау мақсатында осындай қауымдастықты ашу уақыты келіп қалды. Алдағы уақытта өз балаларымызға әртүрлі кездесулер мен ойындар арқылы ұлттық нақышта мәдениетімізді, салт-дәстүрлерімізді, тілімізді үйрету бағытында жұмыс жасаймыз. Сонымен бірге, отандастарымызды ортаға тартып, түрлі жиындар арқылы арнайы тақырыпта немесе күнделікті проблемаға байланысты семинарлар мен кездесулерді өткізу ойда бар. Осы бастамамызды қолдап келгендерге алғысымыз шексіз», - дейді Қуаныш Ерғалиев.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, «Мирас» қазақ мәдени қауымдастығында дәрістер өткізілетін болады. Егер қазақ тілі мен мәдениетін кәсіби түрде меңгерген адамдар Бостонға көшіп келсе, орталықта жұмыс табылатыны сөзсіз. Жоспар бойынша мәдени қауымдастықта тек қазақ тілін үйретумен шектелмей, әр түрлі ойындар ойнатылып, балалар мен жасөспірімдер ұлттық салт дәстүрлерлермен таныстырылады. Белсенді ата аналар ертегі кейіпкерлерінің рөлдерін сомдап, театралдық қойылымдар қояды деп жоспарлауда. Моңғолияда туып өскен, Қазақстанға қоныс аударған Алтынбек Мұратұлы да осы қоғамды ұйымдастырушылардың бірі. Ол АҚШ-та докторонтурада оқып, Сауд Арабиясында тәжірибе жинаған. Қазір 1 жылдан бері Бостон қаласында тұрады.

«Қазақ мәселесі өте көкейтесті, біз оны айрықша сеземіз, өйткені біз шетте жүрміз. Қазақтың тілі, дәстүрінің сақталуы бізді әрқашан ойландыратын. Біріккен Араб Әмірлігінде оқып жүргенде елді аңсап, Қазақстанға көшіп барсам деп армандайтынмын. Енді біз білім қуып, жаңа тәжірибе жинау мақсатында АҚШ-қа келдік. Екі баламыз бар, олардың қазақ тілін ұмытпағанын қалаймыз. Америкаға көшкелі үлкен балам көбіне ағылшынша сөйлейтін болды. Оны Қазақстанға жібердік. Ата-әжесінің жанында болып, біраз қазақша үйреніп келді. Жұбайым екеуіміз балалар ағылшынша сөйлегенде жат болып көрінетінін байқадық, өз тілімізде сөйлессек жанымыз жай табады. Сондықтан осы мәдени орталықтың қажеттілігін өте қатты сезіндік. Жалпы қауымның ең басты мақсаты балаларымыздың болашағы. Қайда жүрсек те, қазақ болып қалғымыз келеді. Бұл ұйым сонымен бірге жалпы қазақтардың береке бірлігін арттыруға өте үлкен үлес қосады», - дейді ол. 

Айта кетейік, Бостон қаласында 100 аса қазақ тұрып жатыр, оның жартысынан көбі жас отбасылар. Сонымен қатар қазақ жерінен бала асырап алған 50 астам американдық жанұя бар. Олар да өз балаларына тарихи Отаны Қазақстан туралы ақпарат бергілері келеді. Тіл үйреніп, ата-баба тарихымен таныс болғандарын қалайды. Сол себепті, бұл қауымдастық қазақ тілі, мәдениеті, дәстүрлері мен құндылықтарын дамытуда, насихаттауда маңыздылығымен ерекше. 

 

Айқара Ғұмар

Фото inform.kz сайтынан алынған