Академиялық оркестр Махамбет ауданында концерт берді

ATPress.kz. 28 ақпан. Махамбет ауданына гастрольдік сапармен Д. Нұрпейісова атындағы академиялық ұлт аспаптар оркестрі келді.

«Өнерпаз» мәдениет үйінде өткен концерттік кеш оркестрдің бас дирижері, әрі көркемдік жетекшісі, Қазақстаннның еңбек сіңірген қайраткері Арман Жүдебаевтың сүйемелдеуімен өтті. Күй атасы Құрманғазының әйгілі «Серпер», «Сарыарқа», Түркештің «Көңілашар», Ықыластың «Жезкиік» күйлері, Қазақстанның мәдениет қайраткері Ахмедияровтың оркестрге арналған жүректі тебірентер күрделі шығармасы - «Жер-Ана» туындысы жоғары дәрежеде орындалды. Табиғи даусымен бірнеше халық әндерін орындаған жезтаңдай әнші Аманжан Басығараевтың өнеріне тыңдармандар дүркірете қол соқты. Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері, өнер зерттеушісі Рахима Құлсариеваның дирижерлық етуімен де бірнеше отандық сазгерлердің әндері шырқалды.

Өнер ұжымына ризашылық сезімін білдірген Махамбет ауданы әкімінің орынбасары Ұлықбек Тналиев кеш соңында оркестрге ескерткіш сыйлық табыстады.

 

Ф. Қожанова,

Махамбет ауданы