Жол жөндеу жұмыстары басты назарда

ATPress.kz, 25 қазан. Атырау қаласы бойынша келер жылы 221 шақырымдық ішкі жолдар мен 278 көше жөнделетін болады.

Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және автокөлік жолдары бөлімі басшысының орынбасары Қайрат Нұртаев мәлім етті.

Облысымыз бойынша шағын қалаларды дамыту бағдарламасына бүгінде Құлсары қаласы кіреді. Қалада бағдарлама аясында 25 шақырымдық жол жобаланса, оның бүгінде 18 шақырымы аяқталған. Бұдан бөлек, Құрманғазы ауданы бойынша 10 нысанға және Исатай ауданында жаяу жүргіншілер көпірін салу жұмыстарына жобалалық-сметалық құжаттары жасақталып отыр.
Облыс бойынша автокөлік жолдарының жалпы ұзындығы 3051,6 шақырымды құрайды. Оның 990 шақырымы республикалық, 973 шақырымы облыстық маңызы бар жолдар.

- Жол жөндеу жұмыстарына демеушілік жасауға НКОК компаниясына 5 млрд. теңгеге ұсыныс беріп, 57,7 шақырым жол мен 70 көшені жөндеуді жоспарланған едік. Әзірге компаниядан 1 млрд. қаржы бөлініп, жұмыстар басталды, - дейді Қ.Нұртаев.
Одан бөлек, қалада облыстық бюджеттен бөлінген 1 млрд. 100 млн. теңгеге 39 шақырым жолдар мен 79 көшенің жөндеу жұмыстары жүргізілуде.
Нұрбейбіт Нұғыманов