Жария етілген мүлік халықтың пайдасына жұмыс жасайды

АTPress.kz. 15 ақпан. Өткен жылдың қорытындысы бойынша Атырау облысы тұрғындарынан барлығы 52,8 млрд. теңгені құрайтын мүлік және ақша жария етілді.

Оның ішінде 34,9 миллиард теңгесі ақшалай, 16 миллиард теңгесі мүлік ретінде. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Атырау облысы әкімінің орынбасары Айгүл Әжіғалиева мәлімдеді. А.Әжіғалиеваның мәліметіне сүйенсек, жарияланған мүлік өңір экономикасына қызмет ететін болады.

- Елбасы да осыны айтып өткен. Мүлік жария болған жерде мемлекетке салық түседі. Ол экономикамыздың өсуіне оң әсерін тигізеді, - деді аймақ басшысының орынбасары. 

Кездесуде А.Әжіғалиева Елбасы Жолдауында жүктеген міндеттерден аймақ экономикасының дамуына және халықтың тұрмыстық жағдайын жақсартуға бағытталған жолдар айқындалғанын айтып өтті. 

- Айта кетерлік жайт, облыстағы өнеркәсiп өнiмiнің көлемi өткен жылы қолданыстағы бағамен 1,4 трлн. теңгеге жетіп, тиісті кезеңмен салыстырғандағы нақты көлем индексi 102,2 пайызды құрады. Ал, Қазақстанға инвестиция тарту бойынша республикада Атырау облысы көш бастап тұр, - деді А.Әжіғалиева. 

 

Нұрбейбіт Нұғыманов

Сурет автордікі