ATPress.kz. 25 маусым. Құрманғазы ауданына қарасты Ақкөл ауылдық округінде темір жол бойында жүк артып, түсіруге арналған жаңа тұйық ашылды.
«Бұл темір жол тұйығы вагондарға жүктерді тиеу және келгендерін сақтауға арналған. Нысанды ашқан жергілікті жеке кәсіпкер, «Ақкөл Строй Сервис» ЖШС-нің басшысы Өмірбек Мұханбетәлиев. Құрылыс кезінде 20-30 адам жұмысқа тартылды. Жобаның құны 130 млн. теңгені құрайды. Оның жартысын өз қаражаты есебінен, қалғанын несие алу арқылы жүзеге асырып отыр», - дейді Ақкөл ауылдық округінің әкімі Бисембай Рамазанов.
Аталған нысан бір мезгілде 15 жүк вагонын кіргізіп, жүгін түсіре алады. Бір күнде 45 вагонға дейін қабылдайды. Тұрақты екі тиегіш трактор, екі автокран, үш тасымалдаушы жүк көліктерімен қамтылады. Жаңа вагон тұйығы басында жұмысшылар үшін барлық жағдай жасалған. Мұнда олар демалатын, жуынатын орындар, асхана орналасқан. Бұған дейін 26 адамды жұмыспен қамтып отырған кәсіпкердің тағы да қосымша жұмыс орындарын ашуы ауылдастары үшін тиімді.
Айта кетелік, қазіргі таңда «Жасталап – Шортанбай – Котяев», «Құрманғазы – Бірлік» ауылішілік жолдарының құрылысы басталды. Биыл «Атырау – Астрахан» бағытындағы автожолдың да құрылысы жүреді деп күтілуде.
Қанат Ғұмаров