Мақсат – сапалы бренд жасап шығару

ATPress.kz. 5 ақпан. Исатай ауданына жұмыс сапары аясында Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев көшпелі жиын өткізіп, онда жергілікті өнім сапасының мәселесі талқыланды, деп хабарлайды Атырау облыстық өңірлік коммуникациялар қызметі.

Жиын барысында Нұрлан Ноғаев ауыл кәсіпкерлерін сапалы өнім шығаруға шақырды. «Тұтынушылар сіздерден сапалы өнім күтеді. Оларды өнімдегі екі нәрсе қызықтырады – бұл тиімді баға және жақсы сапа. Мейлі, өндірілген тауар көлемі аз болсын, бірақ сапасы жоғары болғаны абзал. Міне, нақты мақсат. Жақсы өнім болса, оған сұраныс та жоғары болады. Сол өнімді ғана дүкендерден іздейді. Барлығы еститіндей бренд жасап шығару керек. Сапа мәселесі бүгінде басты орында», - деп атап айтты Нұрлан Ноғаев.

Айта кету керек, бүгінгі таңда Атырау облысы шағын және орта кәсіпкерлік саласында өндірістің өсу қарқыны бойынша республикада көш бастап тұр. 2017 жылы өңірде шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің өнімдері мен қызметтерінің көлемі 1 триллион 100 миллиард теңгені құрады. 

 

Бек Әзберген