Cалық саясатындағы жаңа өзгерістер

ATPress.kz. 26 мамыр. Биыл қабылданатын жаңа салық кодексі салық салу жүйесін жетілдіруді көздейді. Осы орайда, Атырауда құжаттың маңызын халыққа кеңінен түсіндіру мақсатында «Салық саясаты және әкімшіліктендіру: жаңа тәсілдер» атты конференция өтті.

Жиында қозғалған негізгі тақырыптардың бірі – жер қойнауын пайдалануға арналған баламалы салықты енгізу. Яғни, бұрынғы арнайы салықтар мен төлемдердің орнына жаңа салық режимі қолданылады. Бұл өңірдегі мұнай-газ компанияларына зор мүмкіндік сыйлап отыр. Баламалы салық корпоративтік табыс салығына ұқсас. Ол жылдық жиынтық табыс пен шығыстардың айырмасы негізінде анықталады.

Тағы бір жаңашылдық – коммерциялық табыс бонусын алып тастау. Мәселен, осы уақытқа дейін геологиялық барлау мен пайдалы қазбаларды өндіру үшін компаниялар аванстық төлем беріп келді. Бұл – инвесторлардың келуіне кедергі келтіретін. Енді жаңа кен орындарын ашу қажеттігі ескеріле отырылып, жер қойнауын зерделеуді ынталандыру мақсатында бұл жүйе түбегейлі алынып тасталмақшы. Себебі бүгінде Қазақстанда ашылған кен орындарының 90 пайызына келісімшарт жасалып қойған. Жаңа перспективалы аумақтарды ашу өзекті мәселе болып отыр.

Cонымен қатар, қазіргі заңнамада жер қойнауын пайдаланушыларға сарқылған немесе шығымы аз кен орындары бойынша өндіру салығының мөлшерін төмендету құқығы берілген еді. Бұл көп уақытты қажет ететін. Арнайы мекеме келісім және шешім қабылдау үшін ұзақ жүріп алатын. Енді қабылданатын жаңа Кодекске сай, мұнай-газ компанияларына пайдалы қазбаларды өндіру салығының төменгі мөлшерін өз бетінше қолдану құқығы ұсынылған.

Осы орайда, мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының орынбасары Арғын Қыпшақов салық тексерістерін азайтып, тұрақты кіріс көлемін ұлғайту басты мақсат екенін айтады. «Өткен жылы елімізде 76 мың салық тексерісі өткізілген. Биыл соны 37 пайызға азайтуды жоспарлап отырмыз. Тиісінше, кірісті көбейтудің өзгеше механизмдерін енгізгіміз келеді. Камералдық бақылауды жолға қоямыз», - дейді.

Түйіндегенде, жаңа салық заңнамасының ұтымды тұстары көп. Ол қазақ қоғамында терең талқыланып, жіліктеліп барып қолданысқа енеді деп күтілуде. Конференцияның бір мүддесі осыған саяды.

 

Айдос Қарабала