Менталдық ақаулығы бар балалардың ата-аналары бас қосты

Менталдық ақаулықтары бар балалардың ата-аналарымен күндізгі стационар қызметтерін талқылау бойынша жиын өтті, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

Атырауда менталдық ақаулықтары бар балаларды жартылай стационарға қабылдауда туындаған мәселелерді талқылау және шешу жолдарын анықтау мақсатында арнайы жиналыс өтті. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі мәлім етті. Басқосуға басқарма және оңалту орталықтарының қызметкерлері, әлеуметтік көмек көрсету ұйымдарының өкілдері, 50 шақты ата-ана мен әлеуметтік және мәдени даму мәселелері жөніндегі тұрақты комиссия төрағасы Нұрлыбек Даралиев қатысты.

Мақсаты - күндізгі жартылай стационар қызметтерінің қолжетімділігін талдау және қабылдаудан бас тартудың негізгі себептерін анықтау, менталдық ақаулықтары бар балалардың әлеуметтік оңалту мен түзету бағдарламаларына қатысуын қамтамасыз ету, сонымен қатар мемлекеттік органдар мен ата-аналар арасында тиімді байланыс орнату арқылы шешімдер әзірлеу.

Жиынға қатысқан барлық ата-ананың негізгі мәселелері тыңдалып, нақты ұсыныстар мен шешімдер талқыланды. Менталдық ақаулығы бар және мүмкіндігі шектеулі балалардың құқықтары мен қажеттіліктерін толық қамтамасыз ету бағытындғы жұмыстар алдағы уақытта жалғаса бермек.

Сәуле МАҒАУ