Атырау облысының Махамбет аудандық сотында Қазақстан Республикасының ӘҚБтК-нің 610-бабының 1-бөлігімен И.-ға қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қаралды, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.
И. «NISSAN TEANA» маркалы автокөлігін «Х.Ерғалиев-Бақсай» тас жолында басқарып, басып озу кезінде қарсы бағыттағы жолға шығып, Е.-нің басқаруындағы жүк көлігімен соқтығысқан. Сот баспасөз қызметінен білгеніміздей, жол-көлік оқиғасы нәтижесінде көлік құралдары иелеріне материалдық залал келтірілген. И.-дің әкімшілік құқық бұзушылық әрекеті әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамамен, жол-көлік оқиғасы сызбасымен, жол-көлік оқиғасы куәгерлерінің жауабымен дәлелденді. ӘҚБтК-нің 610-бабының 1-бөлігінің санкциясында 20 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салу немесе 6 айға дейінгі мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айыру түріндегі әкімшілік жауаптылық көзделген. Сот И.-дің жеке басын, материалдық жағдайын, асырауында төрт кәмелет жасына толмаған балаларының барын ескере отырып, қысқартылған тәртіпте 51 688 теңге әкімшілік айыппұл жазасын тағайындады. Сот қаулысы заңды күшіне енді.
Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ
Фото-иллюстратив: ru.freepik.com