Былтыр Атырауда 13 жастағы Мерлан Санат Жайық өзеніне батып, көз жұмған болатын. Қара жамылған отбасы 13 жастағы баламызды үлкен сыныптың оқушылары суға итеріп жіберді деп отыр. Сондықтан күдіктілер қамалып, әділ жаза алсын деп отыр. Полиция «қылмыс құрамы жоқ» деп істі қысқартқан, деп хабарлайды AtyrauPress "Атырау" телеарнасына сілтеме жасап.
Жарты жыл бұрын жалғыз ұлын жер қойнына тапсырған Анаргүл Қасантаева әлі күнге дейін әділдікке қол жеткізе алмай жүргенін айтады. Ол 13 жастағы ұлымды қасақана өлтіргендер бостандықта тайраңдап жүр дейді. Қылмыстық істің тоқтатылғанын естіген ана құзырлы органдардан көмек сұрайды.
"Менің талабым сегіз баланы қамап, ата-аналарын да жазаға тартсын. Бәрі бостандықта жүр. Ата-аналары да түк болмағандай кейіп танытады. Жоғарғы сотқа барамын. Тергеуді қасақана қылмысқа жатпайды деп тоқтатты. Бірақ балалардың айтуы бойынша, Жанұзақ Мерланның арқасынан екі қолымен Жайыққа итеріп жіберді" дейді қайғыдан қан жұтқан Анаргүл Қасантаева.
Қайғылы оқиға былтыр тамыз айында Жайық өзенінің жағасында болған. Марқұмның туыстары Мерлан Санаттың жүзе алмайтынын әрі көзінің нашар көретінін білген үлкен сыныптағы оқушылардың су айдынына итеріп жібергеніне сенімді. Сондықтан жәбірленуші тараптың адвокаты адам өлтіру бабы бойынша іс қайта қаралуы тиіс деп санайды. Айтуынша, куәгерлердің айтқан деректері мен айғақтарды полиция есепке алу керек.
"Мерлан Сананың өліміне қатысты бұл жерде 99-баптың 1 бөлігімен қылмыстық іс саралануы тиіс деп есептейміз. ҚК 20- бабы, 104-бап емес, 99-бап бөлігін қолдана істі көтеру керек. Сол бойынша саралау керек. Сотқа дейін солай жетуі керек. Енді марқұмның жүзе алмайтынын, құлағына ота жасалғанын бәрін білді ғой Ж есімді азамат. 4 куәгер бар. Бәрі айтып отыр» дейді адвокат Асан Жұмабаев.
Ал, қала прокуроры істі қысқарту жөнінде тергеушінің хаты келгенін жасырмайды. Бірақ түпкілікті шешім әлі қабылданбады деп отыр. Қазір зерделеу жұмыстары жүргізіліп жатыр екен.
"Тергеу ісі әлі жабылған жоқ. Тергеуші өз шешімін қабылдады. Заңдылығын тексеретін прокуратура. Біз заңдылығын тексереміз. Әлі нүктесі қойылған жоқ" деді Атырау қаласының прокуроры Руслан Әйтімов.
Мерлан Сана жетінші сыныпта оқыған. Ол екі қыздан кейінгі үйдің кенжесі. Марқұм құқық қорғау органдарында қызмет етуді армандапты.
Баян Жанұзақова