Атырау қалалық сотында талап қоюшы А.-ның жауапкер Р.-дан берешекті өндіріп алу туралы азаматтық ісі қаралды, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.
Талап қоюшы азаматша А. ас үй жиһазына әлеуметтік желі арқылы жауапкер Р.-ға тапсырыс берген. Атырау қалалық сотынан білгеніміздей, жауапкер талап қоюшының пәтеріне келіп, өлшемін алып, жиһаздың бір айда дайын болатынын айтып, уәде берген. Талап қоюшы несие рәсімдеп, жиһаздың ақшасын төлеген. Алайда, жиһаз уақытында дайын болмай, жауапкер телефон қоңырауларына жауап бермей, талап қоюшының алаңдаушылығын тудырған. Нәтижесінде талап қоюшы сотқа жүгініп, жауапкерден ақшасын өндіріп беруді сұраған.
Істі сотта қарау барысында тараптар татуласып, дауды медиация тәртібімен реттеу туралы өзара келісімге келген. Келісім шарттары бойынша жауапкер Р. талап қоюшының пайдасына берешек және сот шығындары есебінен өзара келісілген сома 838 000 теңгені кестеге сәйкес төлеуге міндеттенді. Талап қоюшы талабынан бас тартты. Сот ұйғарымы заңды күшіне енді.
Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ
Фото: ru.freepik.com