Атырау облысында балаларды күйік шалу көрсеткіші өсіп отыр, деп хабарлайды Атырау облысының өңірлік коммуникациялар қызметі.
Бұл туралы баспасөз алаңында өткен брифингте Атырау облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Жанар Садуова мәлім етті.
– Өткен жылы бала өлімінің көрсеткіші төмендеді. Қазіргі уақытта қайғылы оқиғалар, соның ішінде балалардың жарақат алу көрсеткіші өсіп отыр. 2020 жылы стационарға қайғылы оқиғамен 406, ал 2021 жылы 419 бала түсті.
Былтыр орташа есеппен айына күйік шалған 10-12 бала түсті, биыл 35 балаға жетіп, соның үшеуі қайғылы жағдаймен аяқталды. Осыған орай, емханаларда алдын алу және ата-аналарға кеңес беру жұмыстары жүргізілуде. Туылғанға дейінгі және 5 жасқа дейінгі балалардың да денсаулығы басты назарда. Бұл бағытта баланы дамыту кабинеті ашылған, – деді спикер.