Атырауда мектеп басшылығы мердігер мекемені сотқа берді

Атырау облыстық білім беру басқармасының басшылығы Исатай ауданындағы Ю.Гагарин атындағы орта мектептегі мәселеге қатысты түсінік берді.

ATPress.kz. сайты атлмыш мектепке қатысты ата-аналардың наразылығы жайында жазған болатын.  Араға бір күн салып облыстық білім беру басқармасы түйткілге қатысты түсінік берді.

 «Ю.Гагарин атындағы орта мектепте төбе жабындысының, спорт залының қабырға сылақтарының, кәріз жүйесінің, есік-терезелердің әбден тозуына байланысты күрделі жөндеу жұмыстарына  техникалық сараптама жасақталып, 2019 жылы жобалық-сметалық құжаттары дайындалды. Жөндеу жұмыстарына 2021  жылдың көктемгі бюджет нақтылауында республикалық және облыстық бюджеттен қаражаты бөлінді. 2021 жылғы тамыз айынан бастап күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде» делінген басқарма жолдаған хабарламада.

Басқарма басшылығының айтуынша, жылу беру маусымына дейін мектеп ғимаратының шатыры ауыстырылып, ішкі жұмыстары жасалыпты, жылу жүйелері ауыстырылып, пайдалануға беріліпті. Жөндеу жұмыстары барысында анықталған жылу жүйесіндегі ақаулар да қалпына келтірілген.

 

«Қазіргі уақытта оқу бөлмелерінің температурасы 20 градус жылылықта. Мектептің ішінде 1,3 қатарларда ұлдарға және қыздарға араналған үш нүктеден 6 әжетхана жұмыс жасап тұр.(әлеуметтік желідегі видеодағы сырттағы бұған дейін есігі жабылған әжетхана, мердігер мекемелер жұмысшылары үшін уақытқа ашылған). 2021 жылға жоспарланған жұмыстарының жыл аяғында толық аяқталмауына байланысты 10,5 пайыз қаржысы қалдырылды. Бөлінген қаржысы 197 977,0 теңге. Құрылысқа рұқсат беру талоны 2022 жылдың 4-ші наурызы аралығында құрылыс жұмыстарын жүргізуге рұқсат берілген.Аяқталмаған жұмыстар негізінен сырттағы кәріз жүйесінің лас су жинау қазандығы, сыртқы темір қоршаулары мен тас төсемдерінің  қалған бөлігі және шағын аяқдоп алаңының төсемдері. Сонымен қатар спортзалдың еденінің жұмыстары бітпеген»  дейді басқарма басшылығы.


Келісім шартқа сәйкес 2021 жылдың тамыз айында басталған жөндеу жұмыстары, 9-шы желтоқсанға дейін аяқталмағандықтан, шарттың күші жойылуына байланысты Атырау облыстық ауданаралық экономикалық сотына талап арыз жолданғаны белгілі болды.

Айта кетейік, Исатай ауданы, Зинеден ауылындағы бір топ ата-ана балаларының сыныпта сырт киіммен отыруға мәжбүр екенін айтып редакциямызға хабарласқан болатын.