МАХАМБЕТ ДОСМҰХАМБЕТОВ: ҰЛТТЫҢ ЖАҢҒЫРУЫ – ӘР АЗАМАТТЫҢ ӨЗ ІСІНЕ ЖАУАПКЕРШІЛІГІНЕН БАСТАЛАДЫ

«Облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетовтің төрағалығымен «Қоғамдық сананы жаңғырту» бағдарламасын Атырау облысында іске асыру жөніндегі өңірлік комиссияның отырысы өтті.

Жиында «Дәстүр және ғұрып», «Үнем - қоғам қуаты», «Еңбек – елдің мұраты» және «Құқықтық мәдениет» арнайы жобаларының іске асырылу барысы қаралды.
Өңірде жүзеге асып жатқан Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы негізіндегі «Қоғамдық сананы жаңғырту» бағдарламасының негізгі мақсаты: ұлттық бірегейлікті сақтау, құндылықтарымызды нығайту мен төл тарихты түгендеу. Бүгінгі жиында аталған бағыттағы жұмыстардың облыста іске асырылу барысы тыңдалды.

Облыстық Әділет департаментінің басшысы Асулан Каримов «Құқықтық мәдениет» арнайы жобасының іске асырылу барысын баяндады.
«Ірі сауда орындарында, сондай-ақ «Ана үйі» қоғамдық бірлестігі  мекемесінде тіркелген өмірлік қиын жағдайға тап болған аналарға құжаттар рәсімдеу, алимент өндіру, азаматтардың жеке өмірінде кездесетін түрлі мәселелерімен сотқа жүгіну тәртібі бойынша және жылжымайтын мүлікке мұралық іс ашу мәселелері бойынша - 49 құқықтық түсіндіру іс-шарасы ұйымдастырылып, 329 азаматқа заң шеңберінде кеңестер берілді»,-деді ол.
Сондай-ақ, департамен басшысы жұмысты одан әрі жандандыру мақсатында ірі мекемелермен меморандум жасалғанын айтты.
Ал, Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Азамат Мәмбетов «Еңбек – елдің мұраты» жобасының орындалысын мәлімдеді.
Сонымен қатар, жиында Жылыой, Мақат, Исатай аудандарының әкімдері «Дәстүр және ғұрып», «Үнем – қоғам қуаты» арнайы жобаларының орындалысын ортаға салды.
Өз кезегінде Жылыой ауданының әкімі Жамал Халелов «Теңізшевройл» ЖШС-мен бірлескен жобалар туралы жеткізді.
«Өткен жылы аталған мекемемен 12 жоба жүзеге асса, биыл аудан әкімдігі ұсыныспен шығып, «Қоғамдық кеңістіктер» жобасының санын 50-ге дейін арттыруға ұсыныстар енгізді. Бұл ұсыныстар оң шешімін тауып, қазіргі таңда Жылыой ауданы бойынша 40 жоба жүзеге асырылуда»,-деді аудан әкімі.
Жиын соңында «Ұлттың жаңғыруы — әр азаматтың өз ісіне жауапкершілігінен, қоғамға деген қызметі мен көзқарасынан басталатының  ескергеніміз абзал. Елге қызмет ету – біздің басты міндетіміз. Осы тұрғыда, Тәуелсіздіктің 30 жылдығы аясында өткізілетін іс-шаралардың тиісті деңгейде, мазмұнды жүзеге асырылуын қамтамасыз етуді тапсырамын. Бұл сәйкесінше, «Рухани жаңғыру» бағдарламасының облыста сапалы іске асырылуына оң ықпал етеді»,-деген өңір басшысы осы бағыттағы жұмыстарды жандандыруға қатысты жауапты тұлғаларға бірқатар тапсырма берді.
Айта кетейік, «Рухани жаңғыру» бағдарламасының облыста іске асырылуы бойынша ІІІ тоқсаны қорытындылануда.