Атыраудан Италияға тікелей рейс ашыла ма?

Х.Доспанова атындағы Атырау халықаралық әуежайы – батыс өңірінің әуе қатынасындағы басты қақпасы. Соңғы жылдары жолаушылар саны артқан сайын инфрақұрылымды жаңарту мен қызмет сапасын жақсарту қажеттілігі туындады. Әуежайдың қазіргі жағдайы қандай? Жаңа инвесторлар қандай өзгерістер енгізуді жоспарлап отыр? Бұл өзгерістер жолаушыларға қалай әсер етеді? Бұл тақырып Атырау қалалық мәслихатындағы «AMANAT» партиясы депутаттық фракциясының мәжілісінде әңгіме өзегіне айналды.

Жолаушыларға қызмет көрсетумен айналысатын «АТМА-Атырау» акционерлік қоғамы бас директорының орынбасары Жаңыл Үмбетиярованың айтуынша, жаңа инвестор – катарлық «QazAir Investments LLC» компаниясы биыл Атырау халықаралық әуежайының инфрақұрылымын жаңғырту бойынша жұмыс бастауды жоспарлап отыр. Әуежайдың басқару жүйесінде украиналық компанияның да үлесі бар екен. Украиналық мамандар бұған дейін Харьков және Днепропетровск қалаларындағы әуежайларды халықаралық талаптарға сай жаңғыртуға атсалысыпты.

Атырау әуежайы үшін маңызды жаңалықтардың бірі – «ашық аспан» режимінің енгізілуі. Бұл бастама халықаралық әуе компанияларының Қазақстанға еркін ұшуына мүмкіндік береді. Оның бастапқы қадамы ретінде мамыр айында түркиялық «Pegasus Airlines» авиакомпаниясы іске қосатын «Атырау–Стамбул» бағыты бойынша тікелей рейсін атап өткен жөн. Бұл бағыт бойынша бір адамның Стамбулға барып-қайту жол шығыны небәрі 80 мың теңгеге бағаланып отыр.

Ал, италиялық «Neos S.p.A» компаниясы ашуы тиіс Атыраудан Милан қаласына дейінгі әуе рейсі Еуропаға сапар шегуді әлдеқайда жеңілдетіп, іскерлік және туристік байланыстарды нығайтуға ықпал етеді. Венгрияның «Wizz Air» бюджеттік әуе компаниясымен «Атырау–Абу-Даби» бағыты бойынша да келіссөз жүріп жатыр. Мәселе оң шешілсе, бұл да жолаушылар үшін зор мүмкіндік болар еді. Онда Еуропаның бірнеше қаласына тікелей ұшу біршама арзанға шығады.

almasss

– Биыл сәуір айынан бастап әуежайда құрылыс жұмыстары басталады. Жоспар бойынша жолаушыларға ыңғайлы болу үшін ғимараттың екінші қабатынан жаңа ұшу залы салынып, жаңа эскалаторлар мен пандустар орнатылады. Ол үшін жеткілікті қаржы бөлініп, келісім-шарт жасалған. Жаңа терминал салу мәселесі де қарастырылып отыр. Өйткені жаңадан ашылатын рейстерге байланысты қызмет көрсету түрлеріне де өзгерістер енетіні түсінікті, — деді бас директордың орынбасары.

Ж.Үмбетиярованың айтуынша, соңғы жылдары Атырауға әуе жолымен қатынайтын жолаушылар саны күрт көбейіп, қызмет сапасын жақсарту қажеттілігі туындапты. Соңғы аудит нәтижелері бойынша әуежай үш жұлдызды рейтингке ие болған. Алдағы уақытта сервис сапасын жақсарту үшін жолаушыларға арналған жаңа күту залдары, заманауи жүк жүйелері мен қосымша тіркеу орындары орнатылады. Жаңа жобалар іске қосылғанда Атырау әуежайы халықаралық стандарттарға толық сәйкес келмекші.

Сонау тоқсаныншы жылдардың басында бірлескен кәсіпорын ретінде құрылған «АТМА-Атырау әуежайы және тасымалдау» акционерлік қоғамының жолаушыларға қызмет көрсетіп, әуе билеттерін тіркеу, пошта және жүк ресімдеумен айналысқанына да отыз жылдан асқан. Жолаушыларға VIP және CIP залдарындағы жайлы қызмет те солардың жауапкершілігінде.

«АТМА-Атырау» АҚ өкілі әуе кемелеріне қызмет көрсету үшін арнайы техникалық құралдармен қамтамасыз етілгенін айтты. Оның ішінде борттық тамақтандыру машиналары, траптар және перрондық автобустар бар. Сонымен қатар компания жолаушыларға медициналық қызмет көрсетумен, жеке тұлғалар мен ұжымдарға ғимараттар мен алаңдарды жалға берумен де айналысады.

Халықаралық әуежайға жаңа инвестордың келуі, инфрақұрылымды жаңартып, жаңа рейстердің ашылуы – өңірдің әуе қатынасын жақсартуға арналған игі қадам. Ол өңір экономикасына да оң әсерін тигізіп, халықаралық рейстердің көбеюі бизнес пен туризмнің дамуына серпін береді.

Атыраулықтар енді жолаушыларға сапалы қызмет көрсететін заман талабына сай әуежай болады деген үмітте.

Алмас ҚАБДОЛОВ
Суреттерді түсірген автор