Төтенше жағдай режиміне сәйкес барлық жерлерде алкогольдік өнімдерді сатуға тиым салынған болатын.
Алайда, бұл шектеуге қарамастан, Атырау қаласында алкогольдік өнімдерді саудалаудың 5 фактісі анықталған.
Бұл туралы Атырау облысының комендатурасы хабарлады.
Алкоголь өнімдерін сату туралы заң талаптарын бұзған кәсіпкерлер әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Мәселен, 9 қаңтар күні Вокзал маңы мөлтек ауданында орналасқан алкомаркеттердің бірінде алкогольдік өнімдерді сатылғандығы анықталған. «Алкомаркеттің иесіне қатысты әкімшілік хаттама жасақталып, сот шешімімен 10 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынды» дейді облыстық полиция департаменттің баспасөз қызметі.
Естеріңізге сала кетейік, қаңтардың 19-ына дейін өңірде тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында коменданттық сағат енгізілді. Түнгі 11-ден таңғы 7-ге дейін жаяу жүргіншілер мен автокөлік қозғалысына тыйым салынған.
– Енгізілген шектеулер ең алдымен төтенше жағдайға байланысты. Біздің өңірімізде жағдай тұрақты. Алайда, құқықбұзушылықтарға ықпал ететін шарттарға жол бермеу қажет,- дейді тәртіп сақшылары.