Тегін баспана кімдерге беріліп жатыр?

Мақат ауданының 100 жылдығы қарсаңында Мақат кентінен үш қатарлы алпыс пәтерлік тұрғын үй пайдалануға берілді, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

Аудан әкімдігінің баспасөз қызметінен білгеніміздей, салтанатты табыстау рәсімінде аудан әкімінің міндетін атқарушы Бекәділ Орынбасарұлы, аудандық мәслихат төрағасы Азамат Жәмшебайұлы және аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сәбит Сүлейменұлы құттықтау сөз сөйлеп, тұрғындарға жаңа үйдің кілттерін табыс етті.

Өз кезегінде тұрғындар да қуаныштарымен бөлісіп, мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдауға алғыстарын білдірді.

Айта кетейік, Мақат кентінің «Бейбітшілік» көшесіндегі 60 пәтерлік тұрғын үй көпбалалы отбасы, халықтың әлеуметтік жағынан әлсіз топтары, жетім балалар, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, мемлекеттік қызметшілер және бюджет ұйым қызметкерлері мен жалғыз үйі Қ.Р заңнамасында белгіленген тәртіппен авариялық жағдайда деп танылған азаматтарға берілді.

Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ