Аймақ басшысы Серік Шәпкенов Қызылқоға ауданына жұмыс сапары барысында Ойыл ауылдық округіне барды, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.
Сондай-ақ, Серік Шәпкенов Жасқайрат ауылында Ойыл ауылдық округінің тұрғындарымен кездесті.
- Жастардың тәрбиелі, ақылды, парасатты болуы бізге байланысты. Алдымен өзімізді тәрбиелеуіміз қажет. Осынау Қызылқоға топырағынан көк байрағымызды көкте желбіреткен қаншама спортшылар шықты. Осы жағдайға назар аудара отырып, ауыл жастарының уақытын тиімді өткізіп, зиянды әдеттерден аулақ болуы үшін спорттық нысандардың құрылысын жүргізу қажет. Мен осы реттегі жобаларды қолдаймын. Сол себепті спорт алаңдары бойынша жауапты мамандарға тиісті тапсырма бердім. Саябақтарды абаттандыру мәселесіне де көңіл бөлген жөн. Мұндай бастамалар осы ауыл тұрғындарының игілігі үшін жасалатындықтан қоғамдық бақылауды күшейтуде белсенді жастарды шақырамын,-деді Серік Шәпкенов.
Кездесуден соң облыс әкімі азаматтарды жеке сұрақтары бойынша қабылдады. Ойыл ауылдық округінде 2031 адам тұрады. Мұнда 1 орта және 1 бастауыш мектеп, 1 балабақша, 1 дәрігерлік амбулатория, 1 мәдениет үйі, 1 полиция учаскесі мен 21 шаруа қожалығы бар. Аймақ басшысының Ойыл ауылдық округінің тұрғындарымен кездесуі Қызылқоға аудандық әкімдігінің Facebook, Instagram желісіндегі ресми парақшасында тікелей эфирде көрсетілді.
Жиын барысында Серік Шәпкенов мемлекеттік және қоғамдық қызметте cіңірген еңбегі үшін, елдің әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуына, халықтар арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтуға қосқан елеулі үлесі үшін қызылқоғалық азаматтарға марапат табыстады.
«Құрмет» орденімен Мәлік Сүлейменов - еңбек ардагері, «Шапағат» медалімен Шынар Шарафеденова - «Қаракөл дәрігерлік амбулаториясы» КМК бас дәрігері марапатталды.