Қызылқоға ауданының орталығы Миялы ауылында үй кезегінде тұрған 10 отбасыға баспана кілті табыс етілді, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.
Аудан әкімдігінің баспасөз қызметі мәлім еткендей, салтанатты шараға аудан әкімі Қанат Әзмұханов қатысып, ауыл тұрғындарын құттықтады.
- Ауданда тұрғын үйді пайдалануға беру көрсеткіші жыл өткен сайын артып келеді. Өткен жылдың өзінде тұрғын үй кезегінің бес санатына сәйкес 67 пәтер сатып алу жоспарланып, 56 тұрғын жаңа қонысқа кірді. Биыл 150 тұрғын жаңа баспанасының табалдырығын аттайды деп жоспарлап отырмыз. Жыл басында Жасқайрат, Қоныстану, Қарабау, Тайсойған, Миялы ауылдарынан 29 пәтердің кілтін берілген болатын. Бүгін міне соның жалғасы ретінде тағы 10 тұрғын үйлі болды. Бұл – тұрғындардың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған жұмыстардың жемісі,- деді Қ.Әзмұханов.
Жаңа пәтердің кілтін қолға алғандардың қатарында Фатима Аманқос та бар. Ол тұрғын үй кезегіне 2021 жылы тіркеліп, кезегін 3 жыл күткен. Бүгін қуанышын жасыра алмай, әкімдік өкілдеріне алғысын білдірді.
- Барша жаңа қонысқа кіргелі отырған ауылдастарымды құттықтаймын! Баспанасы жоқ азаматтарға осы қуаныш бұйырсын. Мен нағашы апамның үйінде тұратын едім. Бүгін ағам екеумізге жаңа баспананың кілті берілді. Сол үшін аудан әкіміне ризашылығымды білдіремін,- Ф.Аманқос.