Атырауда тегін баспана беріле ме?

"Отау" және "Наурыз" бағдарламасына өтінім қабылдау жүргізілуде. Отбасы банкте өтінімдерді қабылдау 25 қыркүйекке дейін жалғасады, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

Ипотекалық бағдарламалар бойынша қаладағы Өркен, Балықшы, Көкарна ықшамауданынан және облыс аумағындағы Индербор кенті, Махамбет ауданы Ақжайық ауылы, Мақат ауданы Доссор кенті, Құрманғазы ауданы сондай-ақ, Құлсары қаласы мен Жаңа қаратон ауылынан екінші нарықтағы үй алуға болады. Өңірлік коммуникациялар қызметінің мәліметінше, қазір бағдарламалардың шарттары бір жүйеге келтірілген. Қатысушылар үшін салымды жинақтау мерзіміне шарттар қойылмайды, депозитті өтінім берер алдында ашуға болады; заемдардың максималды сомасы ұлғайтылды – Астана, Алматы қалаларында 36 млн теңге және басқа өңірлерде 30 млн теңге, Алматы және Астана қалаларында тұрғын үй сатып алу орны бойынша тіркелу талабы жойылды; халықтың әлеуметтік осал топтары санатындағы тұрғын үйге мұқтаж жан ретінде есепте тұрған адамдар үшін сыйақы мөлшерлемесі 7%-ға дейін төмендетілді. Биыл сәуірде осы аталған бағдарламалар бойынша 170 өтінім мақұлданған.

Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ