Атырауда әлеуметтік қорғау қызметкерлері марапатталды

Атырауда әлеуметтік қорғау жүйесі қызметкерлерінің күні аталып өтті, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

Салтанатты іс-шараға облыстық, қалалық және аудандық әлеуметтік қорғау жүйесінің 200-ден аса қызметкері мен сала ардагерлері қатысты. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі мәлім етті.

- Облыста 500-ден астам әлеуметтік қызметкер жұмыс жасайды. Еңбек министрлігі арқылы республика көлемінде салаға түрлі өзгеріс енгізіліп жатыр. Мысалы, 2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап арнаулы әлеуметтік қызмет көрсететін мекемелер лицензиядан өтеді. Қазіргі уақытта біздің мекемелерде лицензиядан өту бойынша жұмыстар жүргізілуде. Онда мамандардың барлық құжаты арнайы базаға енгізіліп, ол жерде адам басына қаржыландыру жүйесі жүріп жатыр, - деді облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Альфия Төлеғариева.

Мерекелік жиында бірнеше әлеуметтік қызметкерге ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің «Құрмет» грамотасы мен алғыс хаты табысталды. Бір топ маман аймақ басшысының алғыс хатына ие болды. Ал 5 әлеуметтік қызметкердің өңіріне «Атырау ардақтысы», «Ардақты ана», «Хиуаз» төсбелгісі тағылды.

Сәуле МАҒАУ