Атырауда әскери оқу-жаттығу өтті

Атырауда жергілікті әскери басқару органдарының оқу-жаттығу жиыны өтті, деп хабарлайды Атырау облысы Өңірлік коммуникациялар қызметі.

Қорғаныс министрінің тапсырмасына сәйкес Атырауда жергілікті әскери басқару органдарының басшы құрамымен оқу-жаттығу жиыны өтті. Басқосуға Қарулы күштер Бас штабы ұйымдастыру-жұмылдыру жұмыстары департаментінің бастығы Сәкен Жүсіпов те қатысты.

Жиында азаматтарды мерзімді әскери қызметке шақырту жұмыстарын жүйелі жүргізу мақсатында тапсырмалар беріліп, өзекті мәселелер талқыланды. Сонымен қатар көктемде өткен әскерге шақыру науқаны қорытындыланды. Азаматтарды әскери қызметке тарту мақсатындағы ұсыныстар да айтылды. Қазірдің өзінде мерзімді қызметтің әскери қызметшілеріне несиелік каникул беру жобасы іске асырылған.

- Ұсыныстардың бірі – ата-аналарына коммуналдық төлемді 50 пайызға түсіру. Сосын әскерге барып, өзінің борышын өтеп келген азаматтарға ЖОО-на ұлттық бірыңғай тест тапсырмай, гранттар арқылы түсу ұсынылып отыр. Қазір еліміз бойынша мұндай келісімге келіп отырған 30-40 университет бар, деді С.Жүсіпов.

Айта кетейік,10 қаңтардан 28 ақпанға дейін облыстағы жергілікті әскери басқару органдары мерзімді әскери қызметке шақырылатын азаматтарды алдын ала зерделеп, іріктеу жүргізген. Жергілікті әскери басқару органдарында есепте тұрған 26257 адамның 2169-ы мерзімді әскери қызметке шақырылды.