ATPress.kz. 15 наурыз. Аудандық балалар спорт мектебі жанынан бокс бөлімі ашылғаннан бері индерлік жас спортшылар да жүлделі орындардан көріне бастады. Олар жақында Исатай ауданының орталығы Аққыстауда өткен облыстың ашық біріншілігінен табысты оралды.
Темірлан Құттыбаев, Тілек Жасұлан, Нұрболат Жасақбаев чемпион атанса, Таңат Рауан ақтық бәсекеде ғана қарсыласына есе жіберіп, күмісті қанағат тұтты. Ал, Құбаш Дарын, Әлім Бисенбаев, Ақжол Нұржанов, Нұрмұхаммед Қабышев, Лұқпан Бекзат, Марат Арсен, Мұхамедәлі Алмашев, Асылбек Ерасыл, Бисенғали Мерей, Нұрсұлтан Меңдешов сынды бір топ жас қола жүлденің иегерлері атанды.
- Бұл жарыста 215 қатысушы бақ сынады. Шәкірттеріміз жас болса да білгенінен жаңылған жоқ. Жекпе-жекте аянбай күш сынасып, жүлделерді жиып келдік, - дейді Индер аудандық балалар спорт мектебі бокс бөлімінің бапкері Мейрамбек Тұрғалиев.
Саламат Базарбаев