Мерген Африка құрлығына барады!

ATPress.kz. 29 қаңтар. «Мерген – республика чемпионы атанды». Осынау ақжолтай хабарға Құрманғазы ауданына қарасты Бірлік ауылы тұрғындары ерекше қуанып отыр. Себебі, Мерген Ғайниев осы ауылдағы Имашев орта мектебінің 11 сыныбында оқиды.

Таэквондомен айналысқанына төрт-бес жылдай уақыт өткен балғын спортшы бүгінде қара белбеу иесі, таэквондодан спорт шебері. Осы жылдар ішінде ол республикалық, сондай-ақ халықаралық турнирлерге қатысып, жүлделі орындарға ие болып үлгерді. 

Жаңалықты қайта тарқатсақ, Мерген Ғайниев жақында ғана Павлодар қаласынан жеңіспен оралды. Қазақстан Республикасы чемпионатына қатысып, I орынға ие болған Мерген халықаралық байрақты бәсекеге жолдама алып отыр. Енді ол Африка құрлығындағы Тунисте өтетін әлем чемпионатына қатысып, тұтас еліміздің намысын қорғайтын болады.

 

Нариманбек Шолтырұлы