Боз кілемде толағай балуандар

ATPress.kz. 8 қараша. Индер ауданында спорт шебері, аудандағы еркін күрестің негізін қалаушы, республикаға танымал азамат Сәттіғұл Әзірбаевтың жүлдесі үшін еркін күрестен 2006-2008 жылы туған жасөспірімдер арасындағы республикалық турнир өткізілді.

Турнирге еліміздің Астана, Алматы, Ақтөбе, Орал, Көкшетау, Тараз, Маңғыстау, Атырау қалаларымен қатар, көршілес Ақжайық, Тасқала, Мақат, Құрманғазы, Жылыой аудандарының, Шешенстан мен Дағыстан мемлекеттерінен келген және индерлік 200 тарта палуан 12 түрлі салмақ дәрежесі бойынша күш сынасты. Байрақты бәсеке еліміздің Әнұранымен ашылған соң, аудан әкімі Серік Арыстан мерекемен құттықтады.

Кейін спорт ардагері Сулико Антонович пен Халел Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің ректоры Абзал Талтенов ауданда еркін күрестің дамуына сүбелі үлес қосқан Сәттіғұл Ұзақбайұлының ерен еңбегін атап өтсе, ардагер спортшының отбасының атынан ұлы Ақылбек Әзірбаев ұйымдастыру алқасына шексіз ризашылығын білдірді.

Жарыс соңында университет ұжымының естелік сыйлығы спорт мектебіне табыс етілді. Міне, екі күнге созылған байрақты бәсеке өз мәресіне жетіп, бапкер есімі осылайша ардақталды. 

 

Диас Айбаров