ATPress.kz. 25 қараша. «Атырау - Ақпарат» медиа холдингі қолға алған «Туған жер» этно-мәдени жобасы аясында Махамбет ауданында өткен кіші аяқ доп жарысында «Атырау-Жарық» АҚ аудандық филиалының командасы облыстық жарысқа жолдама алған болатын.
Атырау қаласында ұйымдастырылған қорытынды жарыста ауданның құрама командасы жүлделі үшінші орынды иеленіп, ақшалай сыйлықты олжалады.
Команда капитаны Қ. Ағелеуовтың айтуынша, аяқ доп жарысына жеті ауданның үздік шыққан командалары мен журналистер құрамасы қатысқан. Алғашқы ойында Аққыстау ауданының командасын 4:1 есебімен ойсырата ұтқан жерлестеріміз қызылқоғалықтарды да 2:1 есебімен тізе бүктірген. Ал, Құлсары қаласынан келген «Геолог» командасына 1:0 есебімен есе жіберген, онда да төрешілер белгілеген күмәнділеу пенальтиден.
Тартысты өткен аяқ доп бәсекесінің қорытындысы төмендегідей: бірінші орын-Жылыой ауданының «Геолог» командасы, екінші орын - Мақат ауданының «Құлагер» командасы, үшінші орын - жерлестерімізде, ал құрманғазылықтар төртінші орынды қанағат тұтқан.
Аудан құрамасы сапындағы М. Идрисов «үздік қақпашы» атанса, Р. Мұқанов, А. Салимов, У. Оразовтар жасыл алаңда шебер ойын өрнектерін көрсеткен.
Фамиля Қожанова,
Махамбет ауданы