ATPress.kz. 8 маусым. Атыраулық параспортшы Ержан Сәлімгереев Германиядан жүлделі оралды. Бұл жолы ол - әлем чемпионатының жеңімпазы, деп хабарлайды өңірлік коммуникациялар қызметі.
Бүгінде паражүзуден әлемнің ең мықты спортшылары Германияда бас қосқан. 50-ден астам елден келген 550 спортшы 32-ші дәстүрлі Берлиндегі әлем чемпионатында өзара мықтыны анықтауда.
Жарыстың алғашқы күні атыраулық спортшы Ержан Сәлімгереев 100 метрде баттерфляй әдісімен жүзуде 1:21,61 нәтижесімен қарсыластарынан басым түсіп, чемпион атанды. Жарыс 11 маусымға дейін жалғасады. Жалпы, спортшылар төрт қашықтық бойынша сынға түседі.
Ұлттық құрама сапында бұған дейін де әлемдік жарыстардың жеңімпазы атанып жүрген атыраулық паралимпиадашы Ержан Сәлімгереев, былтыр Германияның ашық кубогынан олжалы оралған болатын. Әлемнің 51 елінен параспортшылар қатысқан додада Ержан 50 метр қашықтыққа жүзуден алтын медаль, 100 метр қашықтыққа жүзуден қола медалды еншілеген-тұғын.
Аталған чемпионаттан тағы бір спортшымыз Дмитрий Ли 200 метрде еркін әдіспен жүзуде күміс жүлдеге ие болды.
Айта кету керек, Ержан мен Дмитрий мамыр айында өткен Қазақстан чемпионатында үш бірдей қашықтықта жеңіске жетіп, Берлиндегі біріншілікке жолдама алған еді.
Айқара Ғұмар