Алаң NCOC компаниясының демеушілігімен салынды, деп хабарлайды Атырау облысының өңірлік коммуникациялар қызметі. Жаңа әлеуметтік нысанның ашылу салтанаты шипажай басшылығы мен демеуші компанияның қатысуымен өтті. Футбол алаңының жалпы аумағы - 60 шаршы метр, құны-15 миллион теңге. Нысан балалардың өкпе және жоғарғы тыныс алу жолдары ауруларын емдеу және алдын алу мақсатында «Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі» бағдарламасы аясында салынған.
- Бұл балалардың ата-аналары қазіргі уақытта фтизиопульмонология орталығында туберкулезге қарсы ем қабылдауда. Ата-анасымен жақын байланыста болған балалар үшін таза ауада болу өте маңызды. Спорттық ойындар жиі ауыратын балалар үшін пайдалы, - деді Атырау облыстық туберкулезге қарсы шипажай директоры Ұлжан Мұхтарова.
Айта кетейік, облыстық туберкулезге қарсы балалар шипажайы 75 төсек орынға есептелген. Бүгінде мұнда 70 бала бар. Оңалту кезеңі 3 айдан 6 айға дейін созылады.