Облыс әкімдігінің қосымша ғимарат құрылысы аяқталуға жақын

Бес жылға созылған Атырау облысы әкімдігіне қосымша ғимарат құрылысы аяқталуға таяды, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

Қазір қызметкерлер ескі ғимараттан жаңасына көшірілуде. Облыс әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлағандай, жаңа ғимаратқа интернет желісі жүргізіліп жатыр. Бірінші қабатта мәжіліс залы, ал, басқаларында облыстық мәслихат, басқармалар мен бөлімдер, әкім орынбасарларының кабинеттері мен залдары орналаспақ. Қызметкерлер толығымен жаңа ғимаратқа көшірілгеннен кейін, ескі ғимаратта жаңғырту жұмыстары басталады. Қосымша құрылысқа 7 млрд теңгеден астам қаржы бөлініп отыр. 

Естеріңізге сала кетейік, 2018 жылға дейін Атырау облысы әкімдігінің қосымша ғимаратында әртүрлі жиындар, кейде үйлену тойлары да  өткізілетін мәдени орталық болған. Кейін апатты деп танылған ғимаратты бұзу туралы шешім қабылданып, облыс әкімдігіне қосымша ғимарат салу туралы шешім қабылданды. Жобаға осы уақыт ішінде өзгерістер мен толықтырулар енгізілген. Сонымен, араға бес жыл салып, көптен күткен жаңа нысан есігін айқара ашпақ. 

Қасиет Бахкерейқызы