Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы Атырау облысы бойынша филиалының ұйымдастыруымен Құрманғазы ауданы әкімі аппаратының сұранысы негізінде 22-26 қаңтар аралығында «Сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтың алдын алу, сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ішкі талдау» тақырыбында жоспардан тыс көшпелі біліктілік арттыру семинары өтті, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.
Аудандық орталықтандырылған кітапханада өткен семинарға қатысқан аудандық мемлекеттік қызметшілер алғашқы күні Атырау облысы әкімдігінің Әдеп жөніндегі уәкілі Фарида Ахметованың дәрісін тыңдады. Бұл туралы аудандық әкімдіктің баспасөз қызметі мәлім етті. Алдымен сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат тұжырымдамасын түсіндірген Фарида Төлегенқызы «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс қимыл» жөнінде баяндама жасап, «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі заңнаманы жетілдіру», «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы стандарттар мен шектеулер» туралы тыңдаушылармен интерактивті пікірталас жүргізді. Сонымен қатар, аталған тақырып бойынша халықаралық тәжірибеге шолу, салыстырмалы талдау жасады.
Семинардың келесі күндерінде де Фарида Төлегенқызы сыбайлас жемқорлыққа қатысты құқық бұзушылықтарды жасауға ықпалдасатын себептер мен жағдайлар, қаралатын қылмыстық және әкімшілік жауапкершілік, кеселдің алдын алудағы мемлекеттік қызметшінің этикасы мен парасаттылығы, сондай-ақ мемлекеттік органдар мен комплаенс қызметінің рөлі, жемқорлық тәуекелдерін хабардар ету жолдарымен таныстырды.
Сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне жүргізілетін ішкі талдау жұмысының ерекшеліктері, мүдделер қақтығысының алдын алу мен реттеу, БАҚ пен әлеуметтік желілерді мониторингілеу дағдылары, жемқорлық тәуекелдерін бағалау әдістемесі және ішкі талдау бағытында ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Атырау облысы бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары Нұрлан Жахин егжей-тегжейлі түсінік берді.
Сонымен қатар “Өрлеу” біліктілікті арттыру ұлттық орталығы” АҚ-ның “ Атырау облысы бойынша Кәсіби даму институты “ филиалы директорының орынбасары Нұртілеуова Жаннат Асылбековнаның дәрісі тыңдалды.
Аталған күрделі тақырыптар бойынша кәсіби білімдерін жетілдіріп, практикалық тұрғыда біліктіліктерін арттырған мемлекеттік қызметшілер бес күнге созылған семинардан алған әсерлерімен бөлісіп, ұйымдастырушыларға өз алғыстарын білдірді.