«Көктем» қазақ орта мектебінде орналасқан №114 сайлау учаскесіне қарасты орталық ауруханада ем алып жатырған сырқат жандарға да арнайы жылжымалы жәшік апарылды.
Әсіресе терапия бөлімінде ем алушылар өз таңдауларын жасап елдің ертеңі үшін дауыс берді. Солардың қатарында ұзақ жылдар бойы газ шаруашылығында еңбек еткен есболдық Сұлушаш Қазғалиева апамызда бар. Аз-кем сырқаттанып қалған апай өз сөзінде елімізде болып жатырған оң өзгерістерді қуаттай түседі.
- Жасым 75 ке аяқ басқанда талай сайлауларды көріп келдік ғой. Өткен жылдан бастап елімізде бірқатар саяси өзгерістер болды. Алдымен референдум өтіп күзге қарай кезектен тыс президент сайлауы өтті. Енді міне парламент мәжілісі мен мәслихаттарының сайлауы өтуде. Өкінішке орай денсаулығым сыр беріп қатынаса алмай қалдым-ау деп жүргенімде осы аумақта орналасқан сайлау учаскесінің мүшелері келіп жылжымалы жәшік арқылы дауыс беруге жағдай жасап жатыр. Сол үшін де учаске мүшелеріне алғыс айтқым келеді. Еліміз гүлденіп, өркендей берсін,-дейді зейнеткер.
Аталған сайлау учаскесінің төрағасы Гүлзада Құсайынованың айтуынша ауруханада ем алушылардың ішінде 3 адам дауыс берген көрінеді.
С.КӨШЕКОВ