Құрманғазылық бүлдіршін әлемді аузына қаратты

Құрманғазылық Мариям Ишанғалиева Ресей елінің астанасы Мәскеу қаласында халық суретшісі В.М.Зайцевтың 85 жылдық мерейтойына орай өткен «Әлем сұлуы – 2023» халықаралық байқауында бас жүлдені иеленіп, алтыннан тәж киді, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.
Бұл туралы Құрманғазы ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі мәлім етті. Көршілес Ресей мемлекетінің әр түкпірінен қас сұлулар мен өнер иелері қатысқан бұл байқауда жерлесіміз жасөспірімдер арасында сән мен модельдер конкурсы бойынша бағын сынады. Нәтижесінде, «TEEN MISS COMMUNITY – 2023» номинациясы бойынша бас бәйгеге лайықты деп танылып, 30 мың рубльдің қаржылай сыйлығын қанжығалады. Үкілеген үміті перзентіне қолдау көрсету мақсатында байқауға бірге барған Мәриямның анасы Арайлым Қарабалаеваның айтуынша, байқау үш кезеңді қамтыған.
- Қатысушылар алғашқы кезеңде ұлттық киім үлгісі бойынша сынға түсті. Одан әрі спорттық сән бойынша және ақтық кезеңде балдық көйлек үлгісін көрсетті. Әрине, баласы атқа шапса, ата-анасы үйден отырып тақым қысқан ғой. Сондықтан қобалжуда болды. Десекте, қызым сенімімізді ақтады. Бас жүлдені еншілеп, алтыннан тәж кигеніне куә болды. Ана үшін баланың жетістігінен асқан бақыт жоқ, - дейді қуанышы қойнына сыймаған күйі жеткіншектің анасы.
Иә, бұған дейін бірнеше осы тектес халықаралық байқауларда бақ сынап, талай мәрте топ жарған Мариямның кезекті бұл жеңісі бүкіл қазақ елін қуантқан мәре болды. Оның өткен жылы «Мировая модель – 2022» халықаралық байқауында 106 үміткердің ішінен суырылып шығып, бас жүлдені иемденгені де жерлестерінің есінде.
Айта кетейік, Мәриям Көптоғай ауылының тұрғыны. С.Мұқанов атындағы жалпы білім беретін орта мектептің 4-сынып оқушысы.
Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ