Атырауда әлемдегі сирек аң-құстардың мекені бар... (+ФОТО)

Атырау облысында танымал туристік бағытқа айналған орынның бірі – «Ақжайық» мемлекеттік табиғи резерваты, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

Қоқиқаз, ләйлек, бірқазан: «Ақжайық» резерваты туристер қызығатын орынға айналды

Жайық өзенінің Каспий теңізіне құяр сағасына таяу орналасқан табиғи резерватта қоқиқаз, ләйлек, бірқазан және басқа да құстарды тамашалауға болады.

Табиғи резерваттың жалпы аумағы – 341 мың гектар. Резерватқа жету оңай емес. Соған қарамастан, онда туристер, тіпті балықшылар да жиі барады. Өйткені, мұнда көктемгі және күзгі миграция кезінде миллиондаған құстар, оның ішінде сирек кездесетін қоқиқаз, ләйлек, бірқазан секілді қанаттылар тобын тамашалауға болады.

 

«2009 жылғы 1 сәуірде Жайық өзенінің атырабы мен Каспий теңізінің іргелес жағалауының аумағы халықаралық маңызы бар сулы-батпақты жерлер тізіміне енгізілді. Бұл – аталған тізімге енген Теңіз-Қорғалжын көлдер жүйесінен кейінгі екінші қазақстандық аумақ. Осыған байланысты Үкіметтің 2009 жылғы қаулысымен «Ақжайық» мемлекеттік табиғи резерваты құрылды. Ал, 2014 жылы резерват ЮНЕСКО-ның бүкіләлемдік биосфералық резерваттар желісіне кірді. Сол себептен, туристер табиғаттың ерекше сұлулығын, ұшып-қонып жатқан құстар тобын қызықтап, суретке түсіреді. Соңғы жылдары туристер үшін резерваттың құрлық пен судағы аумағында бірнеше бағытты әзірледік», - дейді резерват қызметкері Балымгүл Әзмұханова.

Резерваттың ғылыми қызметкері Илья Бофоновтың айтуынша, бұл резерватты ешқандай асыра сілтеусіз құстардың жұмақ мекені деп атауға болады. Резерват аумағы арқылы құстардың Сібір-Шығыс Африка бағытындағы көші-қон миграциясы өтеді.

«Біздің резерваттың ерекшеліктерінің бірі туралы айтсақ, оның аумағы құстардың әлемдік көші-қон жолында орналасқан. Жыл сайынғы көші-қон кезінде мұнда 10 млн-ға жуық балшықты, 5 млн үйрек, 35 мыңға жуық қоқиқаз, бұйра бірқазан, қарабас, аққу мен қаз ұшып өтеді. Резерват аумағы – суды және су маңын мекендейтін құстардың сирек кездесетін түрлері үшін өте қолайлы мекен. Құстардың кейбір түрі резерватта ұя салып, тұқымын көбейтеді. Сондай құстардың тобында бұйра ләйлек, кішкентай баклан, қарабай, жалбағай, кіші аққұтан, мысыр құтаны бар», - деп түсіндірді Илья Бофонов.

«Ақжайық» резерватта ұя салатын немесе ұшатын құстардың 292 түрінің 26-сы Қызыл кітапқа енгізілген. Мәселен, «Шалыга» аралы – бұйра ләйлек секілді құстардың тұрақты мекені. Бұл аралда құстардың 600-ге жуық жұбы ұя салады.

«Резерват аумағында өсімдіктердің өте сирек кездесетін үш түрін табуға болады. Бұл – қалқымалы сальвиния, Шренка қызғалдағы және қазақстандық су жаңғағы, бізде чилим деген атпен танымал. Ал, биосфералық табиғи резерват аумағында барлығы 141 тұқымға, 56 тұқымдасқа жататын өсімдіктердің 229 түрі өседі. Оның ішінде 7 реликті, 4 сирек және ерекше қорғалған түрі бар. Су флорасына өсімдіктердің 23 түрі жатады. Негізгі өсімдіктер қауымдастығы шөлді, шалғынды, батпақты, орманды, бұталы, батпақты-сулы 6 түрге бөлінген», - дейді резерват қызметкері Лаура Балғымбаева.

Дереккөз: "Қазақпарат"