Жер сатамын деп алдап кеткен

ATPress.kz. 4 шілде. Атырау облысының Махамбет ауданында жер сатамын деп алдап кеткен азаматқа қатысты сот отырысы өтті. Сотта арызданушы жауапкерден 600 мың теңгесін өндіріп беруді сұраған.

Даудың басы былай өрбіген. Жауапкер талап қоюшымен өзара саудаласып, Атырау қаласынан жер учаскесін 1 миллион теңгеге сатқан. Содан жаңа жер теліміне қол жеткізген З.А. сатылған жердің ақшасы ретінде С.В.-ның үйіне 4 сиырын түсіріп, оларды өзара келісім негізінде 500 мың теңгеге бағалапты. Сондай-ақ, 100 мың теңгесін қосымша беріп, жауапкерден 600 мың теңге алғандығы туралы қолхат алған. 

Алайда, келесі күні нотариусқа барып, жерді заңдастырайық дегенде С.В. түрлі сылтау айтып шығарып салған. Содан, З.А. үйіне келіп, ғаламтордағы жарнамаларды қарап отырғанда, әлгі сатып алған жерін автокөлікке ауыстырамын деген хабарламаны көріпті. Алданғанын түсінген, ол жауапкерге төлеген ақшаны қайтарып беруді сұраған. Ал, С.В. «ақшаны қайтармаймын» деген. 

Сөйтіп, жәбірленуші амалсыздан аудандық сотқа жүгінуге мәжбүр болыпты. Сот арызданушының, куәлардың түсініктемелерін тыңдап, іс құжаттарын жан-жақты зерттеп, талап қоюшының арызын дұрыс деп таныған. Нәтижесінде, жерді сатамын деп алдаған С.В. есімді азамат 600 мың теңгені қайтарып беруге міндеттенді. 

Сот шешімі заңды күшіне енген.

 

Айдос Қарабала

Фото 24.kz сайтынан алынған