Жанбай селосының тұрғындары шекарашыларға шабуыл жасады /ВИДЕО

ATPress.kz. 20 қыркүйек. Исатай ауданына қарасты Жанбай селосының тұрғындары шекарашыларға шабуыл жасады. Тосын оқиға 18 қыркүйек күні орын алған.

Әскери бөлім бастығының орынбасары бір топ сарбаздарымен күнделікті нормативті жүгіріспен заставаға қайтып келе жатқан. Сол кезде әскерилерді «Toyota Land Cruiser» көлігі қасақана қағып өтпек болады. Салдарынан, бір сарбаз жеңіл дене жарақатын алған. 

Кейін көліктегілер мен командирдің орынбасары арасында кикілжің басталады. Сарбаздарды қайтарып жіберген әскери командир жергілікті тұрғындармен мәселені шешпек болғанымен, жағдай одан әрі күрделенген. Ақырында, жанбайлықтардан әрең қашып құтылған ол бөлімге жетісімен автоматты алып, ескерту ретінде бірнеше мәрте аспанға оқ атқан. Көп ұзамай әскери бөлім маңына ауыл адамдары жиналыпты.

Бұл ақпараратты Батыс аймағының әскери прокуроры Жанболат Аекенов те растап отыр. Оның айтуынша, оқиға орнына әскери-тергеу бөлімінің қызметкерлері, полиция және аудан прокуроры мен ауыл әкімі жеткен.

«Әскерилердің айтуынша, кейбір ауыл адамдары мас болған. Ал ауыл адамдары оқ атқан әскеридің масаң болғанын айтады. Сол себепті ауыл әкіміне заставадағы әскерилерді дәрігерлік тексеруден өткізуді тапсырдым. Нәтижесінде ешкімнің арақ ішпегені анықталды. Ал кикілжіңге қатысы бар тұрғындардың ішімдік ішкен-ішпегені тексерілген жоқ. Қазіргі кезде осы мәселемен Исатай аудандық ішкі істер бөлімінің қызметкерлері айналысып жатыр. Қару қолдануға байланысты қызметтік тексеру басталды. Менің ойымша, офицердің оқ атуында негіз бар. Өйткені заставаға шабуыл жасалды», - дейді Жанболат Аекенов.

Қолдағы бар ақпарат бойынша, ашуға берілген ауыл тұрғындары түнгі сағат екіде тараған.

 

Айқара Ғұмар

Видео әлеуметтік желіден алынған